Munarmedia.kz 25.02.2026 /Астана/ -Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров қырғыз делегациясының Мәскеуде өткен келіссөздеріне Алексей Ширшовтың қатысуына байланысты жағдайға түсініктеме берді. Делегацияны Министрлер кабинетінің бірінші орынбасары Данияр Амангельдиев бастап барған. Келіссөздер РусГидро компаниясымен Жоғарғы Нарын ГЭС каскады жобасы және 37 млн доллар (өсімпұлымен 51 млн доллар) көлеміндегі қарыз мәселесі бойынша өткен.

Бұған дейін Алексей Ширшов Қырғызстан энергетика саласында экс-президент Курманбек Бакиев тұсында «көлеңкелі кардинал» ретінде танылған еді. 2010 жылғы сәуір оқиғаларынан кейін билік ауысқанда, қоғамда «ширшовтық схемалар» деген тіркес кең тарады. Ол жемқорлыққа қатысты күдікке ілініп, 2022 жылдың 9 мамырында мемлекеттік мүлікті заңсыз жекешелендіру ісі бойынша ұсталған. Кейін үйқамаққа босатылған болатын.
Жапаровтың айтуынша, Ширшов халықаралық іздеуде емес және оны қарыз мәселесі бойынша келіссөздерге ешкім арнайы шақырмаған.
«Мәскеуде жүрген кезінде ол Данияр Амангельдиевке өзі хабарласып, келіссөздерге қосылуға ұсыныс білдірді. Бұрын "РусГидро"-мен жұмыс істегенін, компанияға қатысты ауқымды деректерге ие екенін айтып, Қырғызстан үшін пайдалы ақпарат ұсына алатынын жеткізді. Оның қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді», — деді мемлекет басшысы Кабар агенттігіне берген сұхбатында.
Президент Ширшовтың мемлекеттік құрылымдарға жіберілмейтінін, барлық әрекеті бақылауда болатынын қадап айтты. «Ұрлық үстінде ұстасақ, ешкімді аямаймыз. Мемлекеттік қазынаға қол сұғуға жол бермейміз. Сондықтан Ширшов тақырыбын "манипуляциялап" жүргендердің сөзіне ермеген жөн», — деді ол.
![]()
«Қырғыз форпосты» хабарлағандай, Бішкектің «РусГидро» алдындағы берешегі 2016 жылы республика ГЭС құрылысы туралы келісімді біржақты тәртіпте денонсациялағаннан кейін пайда болған. Ол кезде ресейлік тарап жобаға қомақты қаржы құйып үлгерген еді. Қазір қырғыз тарапы қарастырып отырған нұсқалардың бірі — қарызды есептен шығару. Бішкек барлық қаржылық шешімдер Мәскеуде қабылданғанын алға тартады.
Бұл қарыздың болуы жаңа инвестициялар тартуға және Жоғарғы Нарын ГЭС каскадының тоқтап қалған құрылысын аяқтауға кедергі келтіріп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осы тұста Ширшов қайтадан саяси сахнаға шыққан. Қазіргі билікпен арақатынасы күрделі, тіпті «сатқындар» лагерінде аталып келгеніне қарамастан, ол бүгінгі таңда ымыралы тұлғаға айналған. Билік Ресеймен дауда басымдыққа қол жеткізу үшін онымен келісімге баруға дайын деген пікір бар.
Өткен аптада Данияр Амангельдиев Ширшовтың келіссөздерге қатысуын түсіндіре келе, Қырғызстан «энергетика саласындағы экономикалық мүдделерін қорғау және жобаны тығырықтан шығару үшін барлық қолжетімді ресурстарды пайдаланып жатқанын» мәлімдеді.
Қарызды есептен шығару нұсқасынан бөлек, Бішкекте ГЭС каскады құрылысына үшінші бір инвесторды тарту ұсынысы да бар. Алайда оның аты әзірге құпия сақталуда.