Mumarmedia.kz 03.04.2026/Astana/ – Банк мәліметінше, кезекте тұрған азаматтардың тізімі ведомство қарауына берілгеннен кейін толық түгендеу (инвентаризация) жұмыстары басталған. Бұл рәсім кезекте тұрғандардың мәртебесін, отбасы құрамын, санатын және олардың тұрғын үйінің бар-жоғын нақтылауға бағытталған.
Қазіргі таңда 408 565 азамат тексерістен өткен, тағы 49 011 адамның құжаттары қаралу үстінде.
Сонымен қатар, 74 005 азаматтың кезегі уақытша тоқтатылған. Банк өкілдерінің айтуынша, бұл олардың есепке қойылу негіздерін толық анықтау үшін қажет. Ал 16 537 адам тұрғын үй кезегінен толық шығарылған.
Бұдан бөлек, 75 456 азаматқа кезекке қоюдан бас тартылған. Бас тартудың негізгі себептері ретінде кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болуы, сондай-ақ отбасы мүшелерінің бірінің басқа кезекте тіркелуі көрсетілген.
Жалпы, қазіргі уақытта ел бойынша тұрғын үй кезегінде 968 640 қазақстандық тұр. Оның ішінде шамамен 30 пайызы немесе 306 632 адам басым құқыққа ие санатқа жатады. Бұл – тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешуі қиын азаматтар, сондықтан мемлекеттік қолдау шаралары ең алдымен осы топқа бағытталған.
Банк мәліметінше, енді тұрғын үй кезегіне соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспанасы болмаған барлық кәмелетке толған қазақстандықтар, сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар тіркеле алады.
#Қазақстан #ТұрғынҮй #ОтбасыБанк #ӘлеуметтікСаясат #Кезек #Баспана