Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарында өндіріс көлемі күрт төмендеді.

11

Munarmedia.kz 27.02.2026 /Астана/ – Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарында өндіріс көлемі күрт төмендеді. Қаңтар айында Теңіз кен орны, Қашаған кен орны және Қарашығанақ кен орны бойынша мұнай мен газ конденсатын өндіру 2,4 млн тоннаға азайып, 2,7 млн тоннаны құрады. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 47 пайызға төмен.

Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Негізгі себеп – Теңіздегі өрт және Каспий құбыр консорциумы (КТК) жұмысындағы іркілістер.

Мәліметтерге сәйкес, Теңіздегі өндіріс 1,8 млн тоннаға (66%), Қашағанда 495 мың тоннаға (33%), ал Қарашығанақта 118 мың тоннаға (13%) қысқарған.

Теңіз кен орнында өндіріс 19 қаңтарда электр станциясындағы генератордың өртенуінен кейін тоқтатылған. Соның салдарынан ел бойынша орташа тәуліктік мұнай өндіру көлемі қаңтарда 35 пайызға төмендеген.

Нарық қатысушылары мен Қазақстанның Энергетика министрлігі оқиғаның салдарына қатысты әртүрлі болжам айтқан. Сарапшылар ақпанның алғашқы аптасында Теңіздегі өндіріс қалыпты деңгейдің жартысына ғана жетуі мүмкін деген пікір білдірсе, министрлік көрсеткіштер ай басында толық қалпына келеді деп мәлімдеген.

25 ақпанда Reuters жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Алайда өндіріс көлемі әлі де жоспарлы деңгейден 17 пайызға төмен. Бұған КТК желісіндегі үздіксіз іркілістер мен Новороссийскідегі резервуарлардың толып кетуі әсер етіп отыр.

Мамандар тағы бір тәуекел ретінде КТК инфрақұрылымына дронмен жасалуы мүмкін шабуыл қаупін атап өтеді. Күздегі шабуылдардың салдары әлі толық жойылған жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай өндірісінің қысқаруы бюджет кірістеріне, экспорттық түсімдерге және теңге бағамына қысым көрсетуі ықтимал. Энергетикалық сектордағы тұрақсыздық аймақтық және халықаралық нарықтарға да әсер етуі мүмкін.