Кейбіреулер қарызбен өмір сүру әрдайым ауыртпалық деп ойлайды, бірақ соңғы он жылда біз де осы тәсілмен өмір сүріп келеміз: қарыз аламыз, қайтарамыз, және қайтадан қарыз аламыз.
Қазақстандағы халықтың жалпы қарызы – 1,3 трлн теңгеге жетті.
"Халықтың қарыз жүктемесі бақылаудан шығып кетті. Экономикалық белсенді халықтың 80%-ында несие бар," – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Бейсенбаев.
"Бірінші несие бюросының" дерегінше, Қазақстанда 8,9 миллион адам несие алған, оның ішінде 1,7 миллионнан астамы микроқаржы ұйымдарының қарыз алушылары, олардың жалпы қарызы шамамен 1,3 трлн теңгеге тең.
Бұл жағдайды реттеу үшін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда онлайн несие тек биометриялық растаумен беріледі, деп хабарлады Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов. Микрокредит алу үшін азаматтар үш сатылы аутентификациядан өтуі керек болады: электрондық қолтаңба, биометриялық сәйкестендіру және мобильді нөмірді SMS арқылы растау.
Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтың айтуынша, кез келген заңды несие заңсыздан артық, ал микрокредиттер қаржылық мәдениеттің ажырамас бөлігі болуы керек. "Егер заңды түрде микронесиелерді алуға шектеу қойылса, бұл заңсыз несие беру нарығының өршуіне әкеледі. Қазірдің өзінде жоғары мөлшерлемеге қарамастан, заңсыз "сұр" несие беру кең таралған. Мөлшерлемелер төмендеген күннің өзінде, бұл банктер үшін қолайлы болғанымен, халық несие алуға асықпайды, себебі рәсімдер қиындап кетеді. Банктер несие берудің шегіне жетті. Егер барлық тұтынушылық несиелерді алып тастасақ, кедейліктің шынайы ауқымы статистикадан әлдеқайда көп екені көрінеді," – дейді Рысмамбетов.
Өзбекстанда да микрокредиттер саны өсіп келеді.
Өзбекстанда микрокредиттер көлемі қарқынды өскендіктен, бұл процеске тежеу енгізу мақсатында, несие рәсімдерін қиындату туралы шешім қабылданды. Сарапшы Тимурмалик Эльмұрадовтың айтуынша, микрокредиттердің қарқынды өсуі елде айтарлықтай алаңдаушылық туғызуда. 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін микрокредиттердің жалпы көлемі 33,4 трлн сумды, яғни 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 77%-ға өсті.
"Алайда мәселе тек қарыз көлемінде ғана емес, оның өсім қарқынында жатыр: қарыз алушылар саны 41%-ға артып, 2 миллион адамнан асты, ал бір адамға шаққандағы қарыз келісімшарттарының саны 10%-ға өсті. Нәтижесінде микрокредиттер жалпы несиелердің 21%-ын құрап отыр," – деп түсіндіреді Эльмұрадов.