Munarmedia.kz 12.06.2026. ASTANA Қазақстандықтардың 38 пайызға жуығы елдегі білім беру сапасын орташа деңгейде деп есептейді. Бұл әлеуметтік сауалнама нәтижелерінде белгілі болды.
Зерттеу барысында респонденттер мектептегі білім беру жүйесінің дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер ретінде жемқорлықты, мұғалімдердің біліктілігінің жеткіліксіздігін, сондай-ақ мектептердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігін және сыныптардың шамадан тыс толуын атаған.
Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан көбі Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы білім сапасы басқа өңірлермен салыстырғанда жоғары деген пікір білдірген.
Респонденттердің пікірінше, сапалы білім алуға әсер ететін басты факторлар қатарында отбасының табыс деңгейі, тұрғылықты жері және білім беру саласының жеткілікті қаржыландырылмауы бар.
Ал оқыту тілі мәселесіне келсек, қатысушылардың басым бөлігі оны білім сапасына ықпал ететін шешуші фактор деп санамайды.
Жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу мәселесінде қоғам пікірі екіге бөлінді. Сауалнамаға қатысқандардың 37,4 пайызы бұл технологиялар білім сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін деп алаңдаса, 36,8 пайызы оны прогрестің маңызды құралы ретінде бағалаған. Әсіресе 18-29 жас аралығындағы жастар арасында жасанды интеллектіні қолдайтындардың үлесі жоғары болған.
Сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтар білім сапасын арттырудың ең тиімді жолдары ретінде жемқорлықты азайтуды, педагогтердің біліктілігін көтеруді, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуды және мұғалімдердің жалақысын арттыруды атаған.
Telegram арнамыз: https://t.me/Munarmedia
#Munarmedia #Astana #Білім #Қазақстан #Мектеп #Мұғалім #Жемқорлық #ЖасандыИнтеллект #Сауалнама #БілімСапасы #Жаңалықтар