Қазақстанның батысында мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалған топ ұсталды

82

Munarmedia.kz. 03.11.2026. ASTANA-Қазақстанның батысында конституциялық құрылымды күшпен өзгертуді жоспарлаған деген күдікпен 10 адам ұсталды. Ұстау шаралары 30 қазанда Атырау қаласында прокуратура органдарының үйлестіруімен жүргізілген сотқа дейінгі тергеу аясында жүзеге асырылды.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Арнайы қызметтің мәліметінше, күдіктілердің тұрғылықты жерлері мен басқа да нысандарында тінту жүргізілген. Нәтижесінде атыс қаруы, есірткі заттары, діни сипаттағы бұйымдар мен әдебиеттер, сондай-ақ іске қатысы бар өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Ұсталғандарға экстремистік топ құру, оған жетекшілік ету және оның қызметіне қатысу, терроризмді насихаттау, сондай-ақ діни араздықты қоздыру бойынша күдік келтіріліп отыр.

Бұдан бөлек, ҰҚК қызметкерлері аталған топ мүшелері балалар мен жасөспірімдерге арнап ұйымдастырған үш жасырын оқу орталығының қызметін тоқтатқан.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, күдіктілердің арасында бұған дейін террористік және жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша сотталған адамдар бар.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ведомство әзірге оқиғаның өзге де мән-жайларын жариялаған жоқ.

#Қазақстан #Атырау #ҰҚК #Қауіпсіздік #Тергеу #MunarMedia