Munarmedia.kz 08.04.2026 /Astana/- Қазақстандағы көмір қоры қазіргі өндіру қарқыны сақталған жағдайда 300 жылдан астам уақытқа жетеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан көмір қоры бойынша әлемде 10-орында тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру көлемі шамамен 115,9 млн тоннаны құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 7 пайызға артқан.
Өндірілген көмірдің 85,9 млн тоннасы ішкі тұтыну мен коммуналдық қажеттіліктерге жұмсалған. Ал экспорт көлемі 30 млн тоннаға жетті. Қазақстан көмірінің негізгі сатып алушылары қатарында Ресей, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан және Малайзия бар.
2026 жылы көмір өндіру көлемін 128,9 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 2025 жылы көмір саласына салынған инвестиция көлемі 305 млрд теңгені құраған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті шамамен 553,5 млрд теңгеге дейін арттыру көзделіп отыр. Жыл соңына дейін көмір кен орындарының 10 учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына аукцион өткізу жоспарланған.
Жалпы, Қазақстан өңірде және әлемде энергия ресурстарына сұраныстың артуына байланысты көмір өндіру көлемін ұлғайтып келеді.
#Қазақстан #көмір #энергетика #экономика #инвестиция #экспорт