Қазақтар неге әкім мен депутат болуға сонша құмар?

138

Ал инженер, ғалым, өнертапқыш болуға кім ұмтылады?
Munarmedia.kz-09.11.2026ж/Астана/-Қазақстанда мәслихат депутаттығына талас қыза түсті. Қолдағы мәлімет бойынша, шамамен 3 мың депутаттық мандатқа 10 мыңға жуық адам үміткер.
Яғни бір орынға орта есеппен үштен астам адам таласып жатыр.
Бір қарағанда, бұл – демократиялық белсенділіктің белгісі. Азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласуға, ел басқару ісіне қатысуға деген қызығушылығы артқандай көрінеді.
Алайда осы көріністің ар жағында ойланатын бір мәселе бар.
*Неге біздің қоғамда әкім, депутат, басшы болуға ұмтылушылар көп те, инженер, ғалым, технолог, өнертапқыш болуға ұмтылатындар аз?
Бұл – бір сайлаудың емес, тұтас қоғамның даму бағытына қатысты сұрақ болмақ.
Билікке ұмтылу – қазақтың тарихи санасында бар құбылыс па?
Қазақтың дәстүрлі қоғамында ел басқару, билік айту үлкен мәртебе саналған. Би болу, батыр атану, руға басшылық ету, елдің дауын шешу – адамның қоғамдағы орнын айқындайтын беделді қызметтер еді.
Бірақ сол дәуірдегі билік ұғымын бүгінгі мансапқорлықпен теңестіруге болмайды.
Қазақтың биі ел арасындағы дауды шешіп, әділдік орнатуға міндетті болды. Оның беделі байлығымен немесе қолындағы қызметімен ғана емес, білімімен, шешендігімен, әділдігімен өлшенді.
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді тұлғалардың тарихта қалуы да содан.
Батырдың міндеті – елді қорғау, ханның міндеті – мемлекетті басқару, бидің міндеті – әділ төрелік айту. Әрқайсысының қоғам алдындағы жауапкершілігі болды.
Демек, қазақтың тарихи санасында билікке ұмтылу ғана емес, билікке лайық болу, ел алдындағы жауапкершілікті көтеру ұғымы да қалыптасқан.
Алайда уақыт өте келе бұл түсініктің мазмұны өзгерді.
Кеңестік кезеңнен қалған психология
Кеңестік дәуірде қоғамдағы әлеуметтік мәртебе көбіне адамның атқаратын қызметімен өлшенді. Аудандық партия комитетінің хатшысы, совхоз директоры, атқару комитетінің төрағасы, министрлік қызметкері болу – үлкен әлеуметтік артықшылық еді.
Балам сырмақ шетінде жүрсе болды деп ойлайтындар мен соған жеткізу үшін бар ғұмырын сарп ететіндер көбейді.
Қызмет адамның беделін, тұрмысын, мүмкіндігін және қоғамдық ықпалын айқындады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл психология толық өзгерген жоқ.
Керісінше, кей жағдайда нарықтық қатынастармен араласып, жаңа сипат алды.
Бүгінде де кейбір адамдар үшін әкім болу – елге қызмет етудің жолы ғана емес, әлеуметтік мәртебеге қол жеткізудің, ықпал жинаудың, белгілі бір ортада салмақты адамға айналудың амалы.
Депутаттық мандат та біреулер үшін қоғамдық жауапкершіліктен бұрын бедел мен ықпалдың белгісіне айналып кеткен тәрізді.
Көп жағдайда маслихат депутаттары әкіммен ауыз жаласып, айтқанын орындап, қолдап жеке мәселесін шешу үшін барады.
Сондықтан да әкімдер маслихатқа алдын-ала тізім жасап, "өз" адамдарын жинауды әдетке айналдырған.
Ал сайлау формалды нәрсе.
Әрине, барлық үміткерді бірдей мансапқор деуге болмайды. Арасында елдің мәселесін шешкісі келетін, ауылын көркейтуді, халықтың мұңын жеткізуді мақсат еткен азаматтар бар. Олардың қоғамға қажет екені сөзсіз.
Өкінішке орай, ондай азаматтар өтпейді. Дұрысы өткізбейді.
Бұған Ақмола облысында орын алып жатқан жағдай куә. Ол туралы жақында бөлек жазамыз.
Неге билікке талас көп, ал мамандыққа талас аз?
Мәселенің ең маңызды тұсы осында.
Қоғамға депутат та керек, әкім де керек. Бірақ мемлекет тек депутаттар мен әкімдерден тұрмайды.
Мемлекетті дамытатын – инженерлер, энергетиктер, агрономдар, құрылысшылар, технологтар, дәрігерлер, ғалымдар, бағдарламашылар, мұғалімдер мен білікті жұмысшылар.
Ертең ТЭЦ, АЭС саламыз дейміз. Мамандарымыз дайын ба?
Жол, құрылыс саламыз дейміз. Оған ең жоқ дегенде орта білімді мамандар бар ма?
Су, энергия, мақта, мата өндіру, машина жасау, кеме, ұшақ жасайтын мамандар бар ма?
Қазір бізде керісінше билік пен шоу бизнес, дін саласының мамандары көп сияқты.
Депутат заң жобасын талқылай алады. Бірақ сол заңның негізінде жұмыс істейтін өндірісті инженер құрады. Әкім жол салуға тапсырма бере алады.
Бірақ жолдың сапасын инженерлік есеп пен кәсіби білім қамтамасыз етеді. Депутат ғылымды қолдау қажеттігін айта алады.
Бірақ ғылыми жаңалықты ғалым ашады.
Сонда бізде осы мамандықтардың қоғамдық беделі неге билік қызметінің беделімен тең емес?
Неге жасөспірімнің арманы кейде жақсы инженер, білікті ғалым немесе мықты технолог болудан бұрын әкімнің, депутаттың немесе министрдің креслосына жету болып қалыптасады?
Мұның бір себебі – қоғамдағы табыс пен бедел өлшемдерінің бұрмалануы.
Біз кейде адамның кәсіби шеберлігіне емес, қызметіне қарай құрмет көрсетеміз. Қарапайым, бірақ өз ісінің нағыз маманы болған азаматтан гөрі лауазымды адамның сөзіне көбірек құлақ асамыз.
Алды артына түсіп өзіміз кеудесін керуге итермелейміз.
Жағымпаздар жақтары талмай мақтайды.
Әкім кетсе артынан боқтайды.
Қонаевты қырық жыл мақтадық. Сосын жамандадық. Назарбаевты 30 жыл мақтадық. Кеткен соң оны жер жебіріне жетіп жамандап жүрміз.
Бүгін мақтап жүрген Тоқаевта соның кебін киері сөзсіз.
Бұл қазақтың қанына сіңген "ерекше" қасиеттерінің бірі.
Білікті инженердің қоғамдағы ықпалы мен әкімнің ықпалын салыстырып көріңіз.
Біріншісі елдің өндірістік қуатын арттырып, мыңдаған адамның өміріне әсер етуі мүмкін. Екіншісінің шешімі де маңызды.
Бірақ қоғамдық санада екеуінің мәртебесі бірдей бағалана бермейді.
Бұл – қауіпті үрдіс.
Депутаттық мандат – мансап па, міндет пе?
Депутат болу негізінен жаман емес.
Керісінше, халықтың арасынан шыққан, өмірдің шынайы мәселелерін білетін, кәсіби білімі мен азаматтық ұстанымы бар адамдардың мәслихатқа келуі – демократиялық қоғам үшін маңызды.
Бірақ депутаттыққа үміткерлердің көптігін демократияның сапасымен шатастырмау керек.
Үш мың орынға он мың адамның таласуы – бәсекенің бар екенін көрсетеді. Бірақ сол он мың адамның арасында қаншасы нақты бағдарламамен, қаншасы жеке беделін көтеру үшін, қаншасы бизнес мүддесін қорғау үшін, қаншасы шын мәнінде халыққа қызмет ету үшін бара жатқанын кім анықтайды?
Мәселе үміткерлердің санында емес, олардың сапасында.
Мәслихатқа барғысы келген адам ең алдымен өзі сайланған аумақтың бюджеті, инфрақұрылымы, экологиясы, әлеуметтік мәселелері, инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде нақты білімі болуы керек.
Депутат халықтың алдында есеп беруге дайын болуы тиіс. Сайланғаннан кейін жоғалып кететін, тек мерекелерде суретке түсетін немесе лауазымды тұлғалардың жанында жүруді мәртебе санайтын адамдардан қоғамға пайда аз.
Депутаттық – құрметті атақ емес, қоғамдық жауапкершілік.
Қазақ қоғамына жаңа маман иелері қажет
Біз тарихи санамыздағы «ел ағасы», «би», «батыр» ұғымдарын бүгінгі заманға бейімдеп қайта түсінуіміз керек.
Қазіргі заманның батыры – күрделі технологияны меңгерген инженер немесе өрт сөндіруші, отан қорғаушы, сақшы, дәрігер болуы мүмкін. Қазіргі заманның биі – әділдігімен танылған заңгер немесе ғалым болуы мүмкін. Қазіргі заманның ел қамын ойлаған азаматы – ауылында өндіріс ашқан кәсіпкер, су тапшылығын шешетін маман немесе жаңа дәрі ойлап тапқан зерттеуші , мал шаруашылығының маманы немесе көшені таңмен жарысып тазалап жүрген сыпырушы болуы мүмкін.
Біз қоғамда осындай адамдардың беделін көтермейінше, елдің экономикалық және технологиялық дамуы туралы айтқанымыз бос сөз болып қалады. Қалып та жатыр.
Мемлекеттің қуаты тек саяси элитаның санына байланысты емес. Оның қуаты – кәсіби мамандарының сапасында, ғылымының дамуында, өндірісінің әлеуетінде, азаматтарының білімі мен еңбек мәдениетінде.
Жапония, Германия, Оңтүстік Корея сияқты елдердің тәжірибесіне қарасақ, олардың бәсекеге қабілеттілігін тек саяси басшылар емес, инженерлік мектептері, ғылыми зертханалары, технологиялық кәсіпорындары және кәсіби кадрлары қалыптастырды.
Біз де осындай қоғам құруымыз керек.
Болашақта елді кім басқарады? Мансап қуғандар ма, білім қуғандар ма?
Ең үлкен қауіп – жастардың санасында мансап пен лауазымды өмірдегі басты мақсат ретінде қалыптастыру.
Егер бәріміз әкім, депутат, министр болуға ұмтылсақ, онда зауытты кім салады? Электр станциясын кім басқарады? Ғылыми жаңалықты кім ашады? Жаңа технологияны кім ойлап табады? Ауыл шаруашылығын кім дамытады?
Мемлекетке басқарушылар да, жасаушылар да қажет. Бірақ басқарушылар көбейіп, жасаушылар азайса, қоғамның дамуы тежеледі.
Сондықтан білім беру жүйесінде де, мемлекеттік кадр саясатында да, қоғамдық санада да еңбек пен кәсібиліктің беделін көтеруіміз қажет.
Ең бастысы қоғамның санасы өзгеруі қажет.
Міне басты проблема.
Кеңестік психологиядан арылып, жаңа көзқараспен болашақты болжап ойлану, сараптау жетіспейді.
Заң да заман да өзгеріп жатыр.
Әлем технология ғасырына аяқ басты.
Цифрлы технология дамыған сайын адамның білімі болмаса темірдің құлы боп қалуы әбден мүмкін.
Технология адамды емес, технологияны адам басқаруы тиіс. Сонда ғана ғаламшар аман қалады.
Маманның мәртебесі оның кабинетімен емес, жасаған ісімен өлшенуі керек. Ғалымның еңбегі саяси мінбердегі сөзден кем бағаланбауы тиіс. Инженердің кәсіби жетістігі депутаттық мандаттан төмен саналмауы керек.
Бізге билікке ұмтылатын адамдардан бұрын, жауапкершілікті көтере алатын азаматтар керек.
*Қорытындысында, мен депутаттыққа таласып жатқан он мың адамның бәрін мансапқор деп айыптамаймын. Бірақ осы көрініс қоғам ретінде өзімізге біз балаларымызды ел басқаруға ғана тәрбиелеп жатырмыз ба, әлде елдің дамуына қажетті дүниені жасауға да тәрбиелеп жатырмыз ба деген сұрақ селт етеді.
Қазақтың болашағы кімнің әкім, кімнің депутат болғанымен ғана өлшенбейді. Қазақтың болашағы – кімнің ғалым, кімнің инженер, кімнің өнертапқыш, кімнің білікті маман болғанымен де өлшенеді.
Бізге билікке таласатын қоғамнан гөрі, білімге, еңбекке, жаңалық ашуға және елге пайда келтіруге таласатын қоғам керек.
*Өйткені мемлекетті басқару маңызды, ал мемлекетті дамыту – одан да маңызды!*
Баяжума Асылбек
Саяси сарапшы