Munarmedia.kz-09.11.2026ж/Астана/-Ресей Украина жеріндегі басып алынған аумақтарда мектеп оқулықтарын өзгертіп, балаларға тарихты Мәскеудің көзқарасымен оқытуды қолға алды. Бұған дейін жергілікті мамандар әзірлеген оқу құралдарының орнына енді Ресейде дайындалған оқулықтар енгізіліп жатыр.
«Донбасс тарихы» және «Новороссия тарихы» деп аталатын жаңа оқулықтар Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарының Ресей бақылауындағы бөліктеріне таратылған. Олар 5–7-сынып оқушыларына арналған.
Украинаның NV басылымының жазуынша, оқулықтарда украин халқының дербес ұлт екені жоққа шығарылып, казактар сатқын ретінде көрсетіледі. Ал 1932–1933 жылдардағы ашаршылық — Голодомор қолдан жасалған оқиға ретінде сипатталған.
Сонымен қатар Украина 1991 жылы тәуелсіздік алған кездегі жалпыхалықтық референдум оқулықтарға енгізілмеген. 2014 жылғы Еуромайдан оқиғасы «мемлекеттік төңкеріс» деп түсіндірілсе, Украинаның шығысындағы наразылықтар Ресей саясатын қолдаған қарсылық қозғалысы ретінде баяндалады.
2022 жылы басталған соғыс та Кремльдің ресми ұстанымына сай түсіндірілген. Осылайша, балаларға Украина тарихының орнына Ресей билігі ұсынған саяси көзқарас оқытылмақ.
Ресейдің білім министрі Сергей Кравцов жаңа оқу курсының мақсатын балаларға өздері тұратын өңірдің тарихын таныстыру деп түсіндірген.
Алайда оқулықтардың мазмұнына қатысты сын күшейіп отыр. Сарапшылардың пікірінше, білім беру жүйесін осылай өзгерту арқылы Ресей басып алынған аумақтардағы балалардың тарихи санасына ықпал етуді көздейді.
#Украина #Ресей #Білім #Тарих #Оқулық #MunarMedia