Құрылтай: халықтың үні ме, биліктің қолайлы құралы ма?

24

Munarmedia.kz | 25.08.2026 | ASTANA Парламент сайлауы аяқталды.
Енді оның нәтижесіне эмоциямен емес, саяси шындық тұрғысынан қарау керек.
Меніңше, бұл сайлаудың ең басты қорытындысы – Қазақстанда билікке қарсы пікір айтатын, оның шешімдеріне күмән келтіретін немесе балама ұсына алатын саяси күштерден гөрі, билікпен тіл табысатын, оның бастамаларын қолдауға дайын депутаттардан құралған Құрылтайдың қалыптасуы.
Яғни біз халықтың талаптарын билікке жеткізе алмайтын, биліктің бастамаларын халыққа насихаттаумен ғана айналысатын, халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайына аса бас ауыртпайтын Парламенттің пайда болуына өзіміз жол аштық.
Алдыңғы тараған Мәжілістің депутаттары Үкіметтің халықты масылдандырмау саясатын қолдап, халықты әлеуметтік жағынан көтермелеу саясатына толық қарсы шығып, салық,айыппұл т.б заңдарды бірауыздан қолдап беріп тарап кеткен жоқ па?
Қазіргі Құрылтай депутатының негізгі функциясы – бақылау емес, қолдау болып қалады.
Үкімет заң жобасын ұсынды ма – қолдау. Билік бастама көтерді ме – қолдау. Мемлекеттік саясатқа сын айтылды ма – оны қорғау.
Ал демократиялық парламенттің табиғаты мүлдем басқа.
Парламенттің міндеті – атқарушы билікке үнемі «иә» деп отыру емес. Керісінше, «неге?», «қаншаға?», «халыққа қандай пайдасы бар?», «баламасы жоқ па?» деген сұрақтарды қою болу керек.
Әрине алдағы Мәжілістегідей алдын-ала келісім мен мақұлдау бойынша халықтың проблемасын "көтеретіндер" табылар.
Бірақ бәрі тек сөз жүзінде ғана сақталады.
Қазіргі сайланатын Құрылтай депутаттары арасынан билікке толық берілген, артық сұрақ қоюдан қорқатындардан таңдалады.
Сондықтан да парламенттің атауы мен құрылымын өзгерткеннен Қазақстаннан демократия алыстап, толық авторитарлық яғни супер Президенттік мемлекетке айналғанын дәлелдейді.
Бір палаталы парламенттің өзі авторитарлық институт.
Себебі түрлі пікірталастар мен көзқарастар айтылмаған ортада дербестік болмайды.
Иа, бәзбіреулер басқа да саяси партиялар бар ғой деуі мүмкін.
Алайда бұл батыс елдеріне демократиялық мемлекеттің ролін ойнаушы үшін құрылған қуыршақ партиялар.
Олар мемлекеттің көмегімен сайланғандықтан қатал тәртіп, қағидаттарға толық байланады.
Өкінішке орай, қазіргі сайлау нәтижесіне қарап, жаңа Құрылтайдың билікке тәуелсіз саяси пікір қалыптастыратын институтқа айналу мүмкіндігіне күмән бар.
Ең қауіптісі де осы.
Себебі билікке ешкім қарсы шықпайтын жерде қателік туралы бірінші болып ешкім айтпайды.
Ал қателік туралы ешкім айтпаса, оның құны мен салмағы қоғамның мойнына түседі.
Ал ақиқатты айтқандарға репрессиялық шаралар қолданылады.
Қазақстанға бас шұлғып отыратын депутаттар емес, мемлекет басшысына да, Үкіметке де, өз партиясына да қажет кезде шындықты айта алатын депутаттар керек.
Бұл – билікке қарсы болу емес.
Бұл – мемлекеттің мүддесін қорғау.
Құрылтайдың тарихи бағасы қабылдаған заңдарының санымен емес, билікке қанша рет «жоқ» дей алғанымен, халықтың қанша мәселесін көтергенімен және атқарушы биліктің қанша шешіміне нақты бақылау жасай алғанымен өлшенеді.
Егер Құрылтай тек билік ұсынған бастамаларды бірауыздан қолдайтын органға айналса, онда біз жаңа саяси институт құрғанымызбен, ескі саяси әдеттен арыла алмағанымыз.
Ал қоғамға дәл қазір жаңа ғимарат немесе жаңа атау емес, жаңа саяси мәдениет қажет.
Билікке қолайлы Парламент құру оңай.
Бірақ билікке шындықты айта алатын Парламент құру – мемлекеттің саяси кемелдігінің көрсеткіші.
Жаңа Құрылтайдың алдында тұрған ең үлкен сынақ – биліктің айтқанына бас шұлғу емес, халықтың айтқанын билікке жеткізу.
Бірақ оған күмәнім зор.
Ең қиыны, нәтижесінде мемлекет дамымай, күнделікті форум, конференциялар мен мадақтар айтылып, жүрмей бірақ қозғалып тұрған поезд сияқты ырғалып, бір орында тұра береміз.
Брежневтың билігі естеріңізде болар.
Біз Кеңес кезінде осы жолдан өттік.
35 жылда осы кезеңді бастан кешірдік.
Бірақ жаңа дәуір, жаңа мемлекет құрамыз ба дегенде қайтадан сол жолға түстік. Өкінішті...
Осы сынақтан Құрылтай өте ала ма – оны енді уақыт көрсетеді.