Munarmedia.kz 26.09.2025 /Астана/ 2025 жылдың 25 қыркүйегінде Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеші VII шақырылымның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдады. Қатысқан 89 депутаттың ішінен 84-і бастаманы қолдап дауыс берсе, қарсы шыққандар болмады. Бұл бастаманы алғаш болып 32 депутат қолдаған.
Парламентте жобаны таныстырған депутат Улан Примовтың айтуынша, 2026 жылы Қырғызстанда алдымен парламенттік (қарашада), кейін президенттік (2027 жылдың қаңтарында) сайлау өткізу жоспарланған. Бұл екі саяси процестің бір-біріне әсер етпеуі және тұрақсыздыққа жол бермеу үшін парламент сайлауын биылғы 30 қарашада өткізу жөн деп танылған. Жаңа сайлау заңнамасына сәйкес, елде 30 көпмандатты округ құрылады, әрқайсысынан үш депутат сайлануы тиіс.
Алайда депутаттардың бұл шешіміне бірауыздан қолдау білдірілмеді. Дастан Бекешев:
«Неге депутаттар қалу қажет болғанда кетіп, кету керек болғанда қалуға тырысады? Неліктен сайлауды көктемге қалдырмауға болады?» – деген сауал қойды.
Надира Нарматова өз сөзінде қоғамда бұл шешімге қатысты сұрақтар туындап отырғанын атап өтті:
«Вице-спикерлер мен комитет басшылары төрт жыл да қызмет етпей жатып, тарату бастамасын көтеріп отыр. Неліктен олар орнын босатып, жаңа үміткерлерге жол бермейді?» – деген пікір білдірсе де, мемлекеттік мүдде үшін шешімді қолдағанын жеткізді.
Чингиз Айдарбеков Жогорку Кенештің төрт жылдық жұмысы жеткілікті екенін айтып, болашақ шақырылымның кәсібилігіне үміт артатынын мәлімдеді.
Сүйүн Омурзаков та 2026 жылдың саяси оқиғаларға толы күнтізбесін (оның ішінде ШЫҰ саммитін) ескере отырып, кезектен тыс сайлаудың орынды екенін айтты.
Парламент төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу сайлаудың 30 қарашада өтетінін нақтылап, оның ашық әрі әділ ұйымдастырылатынына уәде берді. Ол сондай-ақ, қазіргі шақырылым жаңа парламент алғашқы отырысын өткізгенге дейін жұмысын жалғастыратынын, ал төтенше жағдай туындаған жағдайда депутаттар шұғыл шақырылатынын атап өтті.
Өзін-өзі тарату шешіміне дейін Жогорку Кенеш екі сағат ішінде 35 мәселені қарастырып үлгерді — әрбіріне орта есеппен 3,5 минуттан бөлінді. Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Тынчтыкбек Шайназаров сайлау 30 қарашада өтетінін растады. Президенттің тиісті жарлығы бес күн ішінде жарияланады. Одан кейін округ шекаралары белгіленіп, 10 қарашадан бастап үгіт-насихат жұмыстары басталады.
Сарапшылардың болжамынша, қазіргі депутаттардың 70%-дан астамы жаңа шақырылымға қатысуға ниетті.