Munarmedia.kz 26.09.2025 /Астана/ Алматы қаласында Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) департаменті «Amir Capital» атты қаржы пирамидасының қызметін тергеуде. Компания өзін халықаралық инвестициялық қор ретінде таныстырып, үш жыл бойы Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан азаматтарынан қаражат жинаған.
Азаматтарға криптовалюта операциялары, майнинг және түрлі жобаларға инвестициялар арқылы айына 5–10% пайда уәде етілген. Жүйеге тіркелу реферальды сілтеме арқылы компанияның ресми сайтында жүргізілсе, қаржы салымдары Amir Wallet криптовалюта әмияны арқылы жүзеге асқан.
Алайда тергеу нәтижесі көрсеткендей, табыс төлемдері нақты кіріс есебінен емес, жаңа қатысушылардың жарналарынан төленіп отырған. Бұл — классикалық қаржы пирамидасының белгілері. Қазіргі таңда аталған схемаға 40-тан астам азаматтың тартылғаны анықталды.
2021 жылдың соңынан бастап салымшылар өз шоттарына қол жеткізе алмай қалған. Ұйымдастырушылар мұны «техникалық ақаулармен» түсіндіріп, төлемдерді қалпына келтіруге уәде бергенімен, қаражат қайтарылмаған.
Сот шешімімен 10 миллион АҚШ долларынан астам криптоактивтер мен Алматы облысындағы бір жер учаскесіне тыйым салынды. Іс бойынша күдікті ретінде танылған әйелдің біріне екі айға қамауға алу санкциясы шығарылды.
Агенттік тергеуді жалғастыруда және азаматтарды жоғары табыс уәде ететін, күмәнді жобалардан сақ болуға шақырады.