Munarmedia.kz 08.02.2026 /Астана/
Қырғызстан Республикасының Әділет министрлігі отбасылық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларды электронды бақылау жүйесіне алу жөнінде қаулы жобасын әзірледі. Құжатта электронды білезіктер мен биометриялық деректер мен геолокацияға негізделген мобильді бақылауды қолданудың бірыңғай тәртібі ұсынылып отыр.
Жобаға сәйкес, электронды бақылау соттың немесе Ішкі істер министрлігінің шешімімен тағайындалып, үш айға дейін созылуы мүмкін. Бақылау шаралары аясында құқық бұзушыға жәбірленушімен байланыс орнатуға, белгілі бір аумақтарға жақындауға және қару сақтауға тыйым салынады.
Электронды бақылауды жүзеге асыру Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігіне қарасты арнайы мониторинг орталығы арқылы жүргізіледі. Мамандар құқық бұзушылардың қозғалысын, белгіленген талаптардың сақталуын және сот шешімдерінің орындалуын тұрақты түрде қадағалап отырады.
Бастаманың негізгі мақсаты — отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың қауіпсіздігін арттыру, қайталама зорлық-зомбылықтың алдын алу және сот шешімдерінің орындалуына бақылауды күшейту. Сарапшылар бұл шара құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттырып, жәбірленушілерді қорғаудың жаңа тетігіне айналуы мүмкін екенін атап өтуде.