Munarmedia.kz 18.02.2026 /Астана/ Қырғызстанда соңғы күндері жоғары билік құрылымдарында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алып, елдегі саяси ахуал қызу талқыланып жатыр.
Қырғыз Республикасы парламенті — Жогорку Кенеш төрағасы Нұрланбек Тұрғынбек уулу (бұрынғы тегі Шакиев) өз өтінішімен қызметінен кеткенін мәлімдеді. Саясаткер бұл шешімін: «Мен бір немесе екі адамға емес, мемлекет пен халыққа қызмет етемін» деп түсіндірген. Ол депутаттық қызметін жалғастыратыны хабарланды.
Сарапшылар не дейді?
Бұл жаңалықты алғашқылардың бірі болып жариялаған Компромат Центральная Азия және Кыргызский форпост арналары республикада саяси тұрақсыздық белгілері байқалатынын жазды. Кейбір шолушылар спикердің мәлімдемесі саяси қысым бар деген пікірлердің туындауына себеп болғанын атап өткен.
Сарапшылардың пікірінше, Қырғызстандағы билік құрылымдары арасындағы ықпал үшін күрес туралы әңгімелер бұрыннан айтылып келеді. Әсіресе күштік құрылымдар арасындағы бәсекелестік бірнеше жыл бойы талқыланып жүрген тақырыптардың бірі.
Кадрлық өзгерістер және тергеулер
Қызметтен кету туралы шешім қарсаңында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев қызметінен босатқаны хабарланған еді. Бұдан кейін құқық қорғау және қауіпсіздік органдарында бірқатар ауыс-түйістер басталғаны айтылды.
Сонымен қатар елдегі 75 саясаткер мен қоғам қайраткері мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынғаннан кейін тергеу органдарына жеткізілген. Қырғызстан Ішкі істер министрлігі бұл бастама қоғамдық-саяси жағдайды ушықтыруы мүмкін деп мәлімдеген.
Мерзімінен бұрын сайлау туралы пікірлер
Кейбір дереккөздер мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасының артында бұрынғы шенеунік Бекболот Талғарбеков тұрған болуы мүмкін деген болжам айтады. Алайда оның сыртқы қолдауға қатысты мәлімдемелері нақты дәлелдермен расталмағаны атап өтіледі.
Ресейлік RT басылымына пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, мерзімінен бұрын сайлау жарияланған жағдайда Конституцияға сәйкес мемлекет басшысының міндетін уақытша парламент төрағасы атқаруы мүмкін еді. Сондықтан бұл бастама саяси және институционалдық тұрғыдан белгілі бір топтарға тиімді болуы ықтимал деген болжамдар айтылған.
Аймақтық және сыртқы фактор
Бақылаушылар қазіргі жағдайда Қырғызстан мен Ресей басшылығы арасында тұрақты байланыс бар екенін атап өтеді. Ресей президенті Владимир Путин мен Садыр Жапаров арасындағы серіктестік қатынастар аймақтық саясаттағы маңызды факторлардың бірі саналады.
Сарапшылардың пікірінше, сыртқы күштер факторын алға тарту немесе шетелдік қолдауға сүйену туралы риторика бұрынғыдай әсер етпейді және көбіне ішкі саяси күрестің элементі ретінде қарастырылады.
Саяси процестер жалғасуда
Талдаушылар Қырғызстандағы саяси интригалар мұнымен аяқталмайтынын айтады. Кейбір болжамдарда бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың саясатқа қайта оралуы мүмкін екені де айтылуда.
Қазіргі уақытта елдегі жағдайды аймақ сарапшылары жіті бақылап отыр. Орталық Азиядағы саяси тұрақтылық мәселесі көрші мемлекеттер үшін де маңызды болғандықтан, Қырғызстандағы өзгерістер өңірлік күн тәртібінде басты тақырыптардың бірі болып қала бермек.