Munarmedia.kz 26.07.2026. ASTANA 2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап №81/82 Talgo пойызының «Нұрлы жол – Орал» бағыты бойынша әйелдерге арналған арнайы вагон қатынай бастайды. Мұндай шешім аталған қызметке сұраныстың артуына байланысты қабылданды.
Жаңа вагон іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы әйелдер вагондары қарастырылған теміржол бағыттарының саны 13-ке жетеді.
Әйелдер вагонында тек әйел жолаушылар мен ересектердің еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балаларға жол жүруге рұқсат етіледі.
Билеттерді теміржол кассаларынан немесе онлайн сатып алуға болады. Билет рәсімдеу кезінде «ЖН» белгісі қойылған вагонды таңдау қажет. Теміржол билеттерін сату пойыз жөнелтілетін күнге дейін 45 тәулік бұрын басталады.
Мамандардың айтуынша, әйелдер вагондарын енгізу жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған және бұл қызметке деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді.