Munarmedia.kz 26.07.2026. ASTANA Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте 50-орыннан 56-орынға сырғыды. Мамыр айының қорытындысы бойынша елдегі мобильді интернеттің медианалық жүктеу жылдамдығы 88,11 Мбит/с болды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіш – 113,16 Мбит/с деңгейінен төмен.
Жыл басынан бері Қазақстандағы мобильді интернеттің медианалық жылдамдығы 100,2 Мбит/с-тен 88,11 Мбит/с-ке дейін төмендеген. Ал осы кезеңде әлемдік орташа көрсеткіш, керісінше, өсім көрсеткен.
Соған қарамастан, Қазақстан мобильді интернет сапасы бойынша Орталық Азия елдері арасындағы көшбасшылық орнын сақтап отыр.
Өңір қалаларының рейтингіне келсек, ең жоғары орындарды Астана мен Алматы иеленгенімен, екі мегаполис те әлемдік тізімде бірнеше сатыға төмендеген. Ал Өзбекстан астанасы Ташкент өз көрсеткіштерін жақсартып, рейтингте бірнеше орынға жоғарылаған.
Мамандардың пікірінше, мобильді интернет сапасын арттыру үшін байланыс инфрақұрылымын жаңғырту, 5G желісін кеңейту және базалық станциялар санын көбейту маңызды факторлардың бірі болып қала береді.