Қытай: Егер біз Ресейге көмектескенде, соғыс баяғыда аяқталар еді

182

Munarmedia.kz. 05.07.2025 /Астана/-Еуроодақтың сын-пікірлеріне жауап берген Бейжің Украинадағы соғысқа тікелей араласпағанын мәлімдеді. Қытай Ресейге әскери де, қаржылай да көмек көрсетіп отырған жоқ, өйткені олай болған жағдайда бұл қақтығыс әлдеқашан біткен болар еді.

Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрі Ван И Еуроодақтың жаңа бас дипломаты Кая Калласпен кездесуі барысында Бейжіңнің Мәскеуге қатысты ұстанымын ашық білдірді. TRT арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, Қытай тарапы Украинадағы соғысқа қатысты өздерінің бейтарап позициясын тағы да растады.

«Егер Қытай шынымен Ресейді қолдаған болса, бұл соғыс әлдеқашан аяқталар еді», – деді Ван И Оңтүстік Қытай Morning Post басылымы келтірген мәліметте.

Ван Идің айтуынша, Қытай Мәскеудің жеңіліс табуына мүдделі емес, өйткені мұндай жағдайда Вашингтон барлық назарын Қытайға бұрар еді. Демек, қақтығыстың ұзаққа созылуы Бейжің үшін геосаяси тұрғыдан тиімді болып отыр. SCMP жазуынша, Қытай дипломатының мұншалық ашықтығы Еуропа шенеуніктерін таң қалдырған.

Санкцияларға жауап қайтару ескертілді

Кездесу барысында Ван И Еуроодақтың Ресейге қарсы жаңа санкциялық пакетіне Қытай банктерін қосу туралы шешімін айыптады. Оның айтуынша, мұндай әрекеттерге Пекин жауап қайтаруы мүмкін. Қытай тарапы санкциялық қысымға қарамастан, бейбіт диалог пен көпжақты ынтымақтастық жолын ұстанатынын баса айтты.

Өз кезегінде Кая Каллас Қытай компанияларының Ресеймен қандай да бір экономикалық байланысын «қауіпті әрі жол беруге болмайтын» деп бағалап, бұл әріптестікті дереу тоқтатуды талап етті. Ол сондай-ақ Украинада жедел түрде атысты тоқтату қажет екенін атап өтті.

Қытай: Біз АҚШ емеспіз

Қытай Сыртқы істер министрлігі кездесудің қорытындысына байланысты жариялаған ресми мәлімдемеде Пекиннің бейбітшілікке, диалогқа және жаһандық тұрақтылыққа бейілді екенін еске салды. Ван И:

«Қытай – бұл АҚШ емес. Біздің даму жолымызды американдық үлгімен салыстыруға болмайды», – деп түйіндеді.

Еске салайық, Қытай бұған дейін де Украина мәселесінде бейтарап ұстанымда екенін бірнеше мәрте мәлімдеген. 2023 жылы Пекин соғысты реттеуге арналған өз бейбіт жоспарын да ұсынған болатын.

Фото: TRT