Қытайда мерекелік шоу апатқа ұласты: жүздеген дрон көрермендердің үстіне құлады

55

Munarmedia.kz 06.10.2025 /Астана/ Қытай Халық Республикасының құрылғанына 76 жыл толуына орай 2 қазан күні Люянь қаласында өткен мерекелік шоу — көріністі емес, қауіпті апатты еске салды.

Ұйымдастырушылар бастапқыда ерекше эффект беретін дрондар арқылы әуе фейерверкін көрсетуге ниеттенген еді. Жүздеген ұшқышсыз аппараттар түнгі аспанда от шашып, көрерменге ұмытылмас әсер қалдыруы тиіс болатын.

Алайда... техникалық жүйенің істен шығуы бүкіл кештің бағытын күрт өзгертті.

Бақылаудан шыққан жүздеген дрон от ұшқындарымен бірге төменге құлап, тікелей көрермендердің үстіне, ғимараттардың шатырларына және көшелерге гүрс-гүрс етіп түсе бастады.

Оқиға салдарынан:

  • Сахна жабыны өртеніп, жалын жақын маңдағы орман алқабына жайылды;

  • Адамдар үреймен қашуға мәжбүр болды, шоу алаңы — нағыз хаос ордасына айналды;

  • Әзірге құрбандар мен зардап шеккендер туралы ресми мәлімет жоқ, алайда әлеуметтік желілерде дүрбелең сәттері бейнеленген видеолар тарап кетті.

Соңғы жылдары Қытай ұшқышсыз технологияларды мерекелік іс-шаралардың негізгі элементіне айналдырды. Бірақ Люяньдағы оқиға — бұл бағыттың техникалық қауіпсіздікке қаншалықты тәуелді екенін көрсетіп берді.

Киберқатер ме? Бағдарлама қатесі ме? Әлде ұйымдастырушылардың салғырттығы ма? Бұл сұрақтарға алдағы тергеу жауап беруі тиіс.

Мерекелік кештің трагедияға ұласуы — қазіргі технологияға соқыр сенімнің салдарын еске салды. Дрондар аспанды жарықтандыруы мүмкін, бірақ адам өмірі мен қауіпсіздігін техниканың қолына тапсыру — абайсыз тәуекелге барумен тең.