АБУ-ДАБИ, 2025 жылғы 11 сәуір /DW/ – Ресей мен Америка Құрама Штаттары тұтқындар алмасу туралы келісімді Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде жүзеге асырды. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы АҚШ Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклиффтің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның жазуынша, Америка тарапы Мәскеуге санкциялардан айналып өтуге көмектесті деген айып тағылған Артур Петровты босатқан. Ал Ресей жағы отанына опасыздық жасады деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылған Ксения Карелинаны еркіндікке шығарғанын АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио растады.
— Америкалық азамат Ксения Карелина үйіне қайту жолында. Ол Ресейде бір жылдан астам уақыт жазықсыз қамауда отырды. Президент Трамп оны босату үшін бар күшін салды. Америка Құрама Штаттарының Президенті барлық америкалық азаматтың бостандығы үшін күресуді жалғастырады, — деп жазды М.Рубио әлеуметтік желідегі парақшасында.
АҚШ пен Ресейдің қос азаматтығын иеленген К. Карелина 2023 жылдың ақпан айында туыстарымен қауышу үшін Екатеринбургке келген кезде тұтқындалған. Оған Украина Қарулы күштеріне қаржылай көмек көрсетті деген айып тағылған. Сот үкімінде көрсетілгендей, Карелина 2022 жылғы 24 ақпанда өз бастамасымен Украинадағы бір қор ұйымына ақша аударып, ол қаржы медициналық жабдықтар, қару-жарақ пен оқ-дәрі сатып алуға жұмсалған.
Сондай-ақ, Ресейдің Қауіпсіздік қызметі оның Украинаға қолдау білдірген бірнеше шеруге қатысқанын мәлімдеді.
Қорғаушы Михаил Мушайловтың айтуынша, қауіпсіздік қызметкерлері Карелинаның телефонынан “Razom for Ukraine” атты қорға 51,8 АҚШ долларын аударғанын дәлелдейтін айғақ тапқан. АҚШ-тағы украин диаспорасы құрған бұл қор Украинаға гуманитарлық көмек көрсету және Қарулы күштеріне қажетті техникалар сатып алу мақсатында қаржы жинаумен айналысады.
2024 жылғы тамыз айында Свердлов облысының соты К. Карелинаны отанына опасыздық жасады деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырған. Айыптаушы тарап бастапқыда оған 15 жыл жаза сұраған болатын.
Ал Ресей мен Германияның қос азаматтығын иеленген Артур Петров 2023 жылдың тамыз айында АҚШ-тың сұрауымен Кипрде тұтқындалған. АҚШ Әділет департаментінің мәліметінше, ол екі сыбайласымен бірге 2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың тамызына дейін америкалық компаниялардан көп көлемде электронды құрал-жабдықтар сатып алып, оларды Ресейдің “Электроком ВПК” ЖШҚ-ға жеткізіп отырған. Бұл компания Ресейдің қорғаныс саласына өнім жеткізетін мекеме ретінде белгілі. Жеткізілімдерді жасыру үшін үшінші елдерде тіркелген жалған заңды тұлғалар пайдаланылған деп болжанып отыр. 2024 жылдың тамызында Петров АҚШ-қа экстрадицияланған.