Munarmedia.kz 10.02.2026 /Астана/-Ресейдің Бас мүфтиі, Ресей мұсылмандарының Орталық діни басқармасының (ЦДУМ) төрағасы Талғат Тәжуддин көпшілік алдында намаз оқу айналадағы адамдарға қолайсыздық туғызбауы және қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, ислам діні намазды «іс жүзінде кез келген жерде» оқуға рұқсат береді. Алайда діндарлар басқа азаматтардың құқықтарын да ескеруі қажет. Мысалы, намазға байланысты жол қозғалысын тоқтату тек қолайсыздық туғызумен шектелмей, қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналуы мүмкін.
Талғат Тәжуддин Ресей заңнамасы намаз оқуға тыйым салмайтынын атап өтті. Сонымен қатар ел аумағында, оның ішінде әуежайлар, теміржол вокзалдары мен ірі сауда орталықтарында арнайы намаз оқитын бөлмелер бар екенін еске салды.
«Біз бір-бірімізді құрметтеуіміз керек. Менің құқығым басқа адамдардың құқықтарымен үйлесуі тиіс. Тек көзбояушылық үшін немесе біреуге әдейі кедергі келтіру мақсатында әрекет етуге болмайды», — деді ол.
Бас мүфти бұл ұстанымын бұған дейін де, желтоқсан айында «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында айтқан. Сол кезде ол көпшілік алдында намаз оқуды «көрсету үшін жасалатын әрекет» деп бағалап, мұндай жағдайлар кейбір мұсылмандардың өзінде сұрақ пен наразылық тудыратынын атап өткен. Сондай-ақ ол қала ішінде жүріп-тұруды намаз уақытына қарай алдын ала жоспарлауға шақырған.
Кейбір ресейлік сарапшылардың пікірінше, діни ұстанымды көпшілік алдында айқын көрсету кей жағдайда саяси акциямен тең қабылдануы мүмкін, ал мұндай құбылыстардың алдын алу радикалдану қаупін төмендетуге ықпал етеді.