Munarmedia.kz 10.02.2026 /Астана/-Британдық мұнай-газ компаниясы Shell Қарашығанақ кен орнына қатысты сот ісінде Қазақстаннан жеңілгеннен кейін елдегі инвестициялық жобаларын уақытша тоқтататынын мәлімдеді.
Қазақстан үкіметі консорциумға қарсы сотқа жүгінген болатын, ал аталған консорциумдағы үлестің 29,25 пайызы Shell компаниясына тиесілі.
Соттағы жеңілістен кейін компания басшылығы Қазақстанға қатысты инвестициялық жоспарларға сақтықпен қарай бастайтынын хабарлады. Shell компаниясының бас директоры Ваэль Саван инвесторларға арналған телеконференция барысында бұл жағдай компанияның Қазақстандағы жаңа жобаларға қызығушылығына әсер еткенін айтты.
Оның сөзінше, бірқатар мәселелер бойынша бірлескен кәсіпорын серіктестері мен ел билігі арасында келісімнің болмауы компанияның инвестициялық шешімдеріне ықпал етіп отыр.
«Біз бұл мәселелер бойынша серіктестер мен ел билігі арасында келісімнің жеткіліксіздігіне көңіліміз толмайды. Бұл, сөзсіз, Қазақстанға одан әрі инвестиция салуға деген қызығушылығымызға әсер етеді. Қазіргі кезеңде жағдайдың қалай өрбитіні айқын болғанға дейін күту ұстанымын таңдағанды жөн көреміз», — деді Ваэль Саван.
Сонымен бірге компания басшылығы Қазақстанды инвестиция үшін әлеуеті жоғары нарық ретінде бағалайтынын атап өтті.