Munarmedia.kz 10.02.2026 /Астана/-2025 жылы Өзбекстанда 5222 жемқорлық қылмысы анықталды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,6 пайызға төмен. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы Акмал Бурханов мәлімдеді.
Оның айтуынша, құқықбұзушылықтар көбіне денсаулық сақтау, мектепке дейінгі және мектептегі білім беру салаларында тіркелген. Жемқорлық үшін аудандық және қалалық деңгейдегі 12 хоким жауапкершілікке тартылған.
Агенттік жүргізген талдауға сәйкес, 2025 жылы Хорезм, Қашқадария, Ташкент және Самарқанд облыстарында жемқорлық қылмыстарының саны азайған. Ал Ферғана мен Сурхандария облыстарында, керісінше, өсім байқалған.
Акмал Бурхановтың мәліметінше, жемқорлыққа байланысты 300-ден астам қылмыс жергілікті хокимияттарда тіркелген. Оның ішінде 80 пайыздан астамы хокимдердің көмекшілеріне қатысты. Оның айтуынша, бұл салада жемқорлық тәуекелдері жоғары болғандықтан, мұндай қылмыстар жиі кездеседі.
Сонымен қатар, агенттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді бөлу кезінде адами факторды азайту бағытында шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Бұл үдерістерді толық цифрландыру жоспарланып отыр, яғни шешім қабылдау хокимдердің көмекшілері мен жергілікті деңгейдегі өзге құрылымдарға тәуелді болмайды.
Агенттік басшысы өткен жылы хокимияттар бөлінісінде жемқорлық қылмыстары ең көп тіркелген өңірлерді де атады. Олардың қатарында Ташкент қаласы (612 жағдай), Ташкент облысы (584) және Ферғана облысы (455) бар.
Акмал Бурханов 2026 жылы хокимдердің көмекшілеріне қатысты жемқорлық қылмыстарының үлесін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік болатынына сенім білдірді.