ЕО санкцияларының жаңа пакетіне Қырғызстанның екі банкі ілігуі мүмкін

6

Munarmedia.kz 10.02.2026 /Астана/-Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларының 20-пакетіне Қырғызстанның екі банкі – «Керемет Банк» және «Капитал Банк Центральной Азии» енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Басылым мәліметінше, аталған қаржы ұйымдары Ресейге криптовалюта қызметтерін көрсетті деген күдікке ілінуі ықтимал. Ұқсас шараларды Лаос пен Тәжікстан банктеріне қатысты қолдану да ұсынылып отырғаны айтылды.

Егер бұл шешім мақұлданса, аталған банктерге Еуроодақ аумағындағы жеке және заңды тұлғалармен қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынуы мүмкін.

Reuters сонымен қатар жаңа шектеулер Қырғызстанға металл өңдеу станоктарын, сондай-ақ дауыс, бейне және деректерді таратуға арналған байланыс жабдықтарын, оның ішінде модемдер мен роутерлерді сатуға тыйым салуды қамтуы ықтимал екенін растады.

Басылымның хабарлауынша, Ресейге қарсы санкциялар жобасында алғаш рет үшінші елдерге қатысты санкцияларды айналып өтуді болдырмау тетігін қолдану қарастырылып отыр.