АҚШ президенттігіне үміткерлердің екеуі де — Дональд Трамп пен Камала Харрис «өмірге қарсы шығушылар». Бұл туралы Рим папасы Франциск Оңтүстік-Шығыс Азия мен Океания елдеріне апостолдық сапарын аяқтап, Сингапурдан келе жатқан ұшақ бортында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі.
— Екеуі де өмірге қарсы: бірі мигранттарды қуып жіберсе, екіншісі балаларды өлтіруде, — деді понтифик АҚШ-тағы сайлау туралы сұраққа жауап беріп.
ANSA агенттігінің хабарлауынша, журналистер 87 жастағы понтификтен «бірі түсік жасатуды жақтайтын, екіншісі мигранттарды депортациялайтын кандидаттарды таңдау кезінде католик сайлаушыларға қандай кеңес бересіз?» деп сұраған.
— Мигранттарды елден қуып жіберу, олардың дұрыс өмір сүруіне мүмкіндік бермеу, дамытпау — жаман нәрсе, зұлымдық. Баланы анасының құрсағынан шығару — кісі өлтіру. Мұнда анықтық қажет. Қазіргі саясатта дауыс бермей қалыс қалу дұрыс емес дейді, ал егер дауыс берсең, «зұлымдығы барынша азын» таңдау керек: қайсы болса да (Дональд Трамп немесе Камала Харрис) — әркім өз ар-ожданына қарай таңдағаны жөн, — деп кеңес берді Рим католик шіркеуінің басшысы.
Франциск бұған дейін Трампты мигранттарға қатысты саясаты үшін жанама айыптап, «қабырға тұрғызғанды жақсы христиан деп санауға болмайтынын» айтқан.
Папаның АҚШ-тың бұрынғы президентімен өзге де келіспеушіліктері болғаны белгілі. Мысалы, Трамптың климат бойынша Париж келісімінен шығу шешімі аясында климаттың өзгеруі мәселесі.
Қазіргі президент Джо Байден — католик дінін ұстанушы, бірақ түсік жасату құқығын қолдайды. Трамп және оны қолдаушы консервативті католиктер түсік жасатуға қарсы.
Вице-президент Камала Харрис пен бұрынғы президент Дональд Трамп Филадельфиядағы (Пенсильвания) ұлттық конституция орталығындағы теледебатта алғаш рет кездесті.