Ринат Зайытов Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталғандарды амнистияға қосуды ұсынды

42

Munarmedia.kz 05.06.2026. ASTANA – Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталған азаматтарды амнистия аясында босатуды ұсынды.

Депутат бұл ұсынысын Мәжілісте «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты амнистия жасау туралы» заң жобасын талқылау барысында айтты.

«Менің жалғыз өтінішім – мас күйінде құқық бұзушылық жасағандарға немесе басқа да осыған ұқсас санаттарға амнистия жариялау емес. Бізде әлеуметтік желілердегі пікірлері үшін сотталып жатқан адамдар бар. Әріптестерімнен Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша жауапқа тартылған азаматтардың амнистияға ілінуіне қолдау көрсетуді сұраймын. Құдай үшін», – деді депутат.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 274-бабы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді.

Қазіргі уақытта амнистия туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. Құжаттың түпкілікті редакциясында қандай санаттағы азаматтардың амнистияға ілінетіні кейін белгілі болады.

#РинатЗайытов #Амнистия #Мәжіліс #ҚылмыстықКодекс274 #Қазақстан #Заң #Саясат #MunarMedia #ASTANA #Жаңалықтар