Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізіледі

36

Munarmedia.kz 05.06.2026. ASTANA – Қазақстанда алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізілмек. Оның аясында жалпы сомасы 21,2 млрд теңгеге жуық 1 млн 427 мың құқық бұзушылыққа қатысты шаралар қайта қаралады.

Сонымен қатар амнистия 15 мыңнан астам сотталған азаматты қамтиды. Олардың ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатса, тағы 10 мыңға жуығы пробациялық бақылауда тұр.

Сәрсенбі күні Мәжіліс «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты амнистия жасау туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарады.

Депутаттардың мәліметінше, аталған заң жобалары бүгін екінші оқылымда да талқыланып, қабылдануы жоспарланып отыр.

Заң жобасының мақсаты – құқықтық саясатты ізгілендіру, азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және белгілі бір санаттағы құқық бұзушыларға қатысты жазалау шараларын жеңілдету.

Амнистияның нақты тәртібі мен оған ілінетін құқық бұзушылық түрлері заң қабылданғаннан кейін айқындалады.

#Амнистия #Мәжіліс #Қазақстан #Конституция #ЗаңЖобасы #Құқық #Пробация #MunarMedia #ASTANA #Жаңалықтар