Munarmedia.kz. 30.10.2026-ASTANA-Қазақстанда кезектен тыс мәслихат сайлауының науқаны басталды.
29 қарашада өтетін сайлау елдегі саяси
жүйенің қаншалықты жаңарғанын, партияларға шынайы бәсекеге мүмкіндік
берілген-берілмегенін көрсететін маңызды саяси сынақ болуға тиіс еді.
Бірақ сайлау науқанының алғашқы кезеңінен-ақ алаңдатарлық мәліметтер шыға бастады.
Әсіресе Ақмола облысында «Байтақ» жасылдар партиясының бірқатар үміткерлеріне қатысты кедергілер жасалып жатқаны жөнінде шағымдар бар. Кандидаттардың сайлауға қатысуына әкімшілік ықпал ету, туыстары мен таныстары арқылы кандидатурасын қайтарып алуға мәжбүрлеу туралы мәліметтер де айтылуда.
Егер бұл деректер расталса, онда біз жекелеген кандидаттардың мәселесін емес, Қазақстандағы саяси бәсекенің тағдырын талқылауға мәжбүр боламыз.
Конституциядағы құқық пен өмірдегі шындық
15 наурызда республикалық референдумда
қабылданған жаңа Конституцияда әркімнің сайлауға қатысуға және сайлануға құқығы
бекітілген.
Бұл – жай ғана декларативті сөйлем емес. Бұл – мемлекеттің азамат алдындағы конституциялық міндеттемесі. Азаматтың сайлауға қатысу құқығы қандай да бір әкімнің, аудан басшысының немесе жергілікті ықпалды топтың көңіл күйіне тәуелді болмауы керек.
Ендеше, Конституцияда жарияланған құқық неге сайлау науқаны кезінде кедергіге тап болады қарапайым сұрақ туындайды.
Егер азаматты кандидатурасын алып тастауға
қорқытып-үркіту, қызметтік ықпал ету немесе туыстары арқылы қысым жасау арқылы
мәжбүрлесе, бұл саяси бәсекенің еркіндігіне, Президенттің «Әділетті Қазақстан» құрамыз деген приниптеріне қарсы
жасалып жатқан
тікелей соққы емес пе?
Жергілікті билік органдарының мұндай әрекеттері халықтың «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» құрылады деген сеніміне слекем түсіріп, билік органдарының халық арасындағы байланысына сына қақпай ма?
Кандидаттың өз еркімен сайлаудан бас тартуы бір басқа. Ал оны мәжбүрлеп бас тартқызу – мүлде басқа мәселе. Мұндай әрекеттердің әрқайсысы тексеріліп, құқықтық баға берілуі тиіс.
Ақмоладағы жағдай: «Байтаққа» неге кедергі көп?
Ақмола облысында «Байтақ» партиясының бірқатар кандидаттарына қатысты туындап отырған мәселелер ерекше назар аудартады.
Партия өкілдерінің мәліметінше, кейбір үміткерлерге әкімшілік ықпал ету, таныстары мен туыстары арқылы кандидатураларын қайтарып алуға көндіру әрекеттері байқалған.
Мұндай жағдайлар кездейсоқ па, әлде белгілі бір саяси мүдденің көрінісі ме?
Егер әкімшілік ресурс пайдаланылып жатса,
оның артында кім тұр? Аудан әкімдері өз бастамасымен әрекет етіп отыр ма, әлде
жоғарыдан берілген бейресми нұсқау бар ма?
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мырза бұл мәселеден бейхабар ма? Әлде әкімнің тікелей нұсқауы ма?
Әкімнің міндеті – белгілі бір партияның
немесе кандидаттың жеңісін қамтамасыз ету емес.
Оның міндеті – барлық азаматтардың
конституциялық құқықтарының сақталуына жағдай жасау.
Сайлау процесіне әкімшілік аппараттың араласуына жол бермеу.
Президент барлық саяси партияларға тең мүмкіндік берілуі керектігін айтып келеді. Ендеше, өңірлерде болып жатқан жағдайлар сол саяси бағытқа қайшы келмей ме?
Егер орталық билік бір партиялы саяси кеңістіктен арылуды көздесе, ал жергілікті жерлерде әкімшілік аппарат балама партиялардың кандидаттарын сайлаудан ығыстыруға тырысса, бұл мемлекеттік саясаттың өз ішіндегі қайшылық емес пе?
Павлодардағы оқиға – жай ғана түсініспеушілік емес
29 қазанда ақпарат құралдарында Павлодар облысының Май ауданында болған оқиға жарияланды.
Бұрынғы аудандық мәслихат депутаты Бағлан Зиябеков 27 қазанда №6 округтік сайлау комиссиясына қайтадан кандидат болу үшін құжат тапсыруға барған кезде кедергілерге тап болғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, алдымен комиссия қызметкерлері компьютердің істемейтінін айтып, қажетті өтінішті бермеген. Кейін полиция қызметкерлері келіп, оны күшпен бөлімшеге алып кетуге әрекет жасаған. Зиябековтің мәлімдеуінше, ҰҚК қызметкері де оқиғаға араласқан.
Ол полиция бөлімінен босатылғаннан кейін сайлау комиссиясы құжат қабылдау мерзімі аяқталғанын айтып, өтінішін қабылдамаған.
Бұл оқиға туралы Азаттық радиосы да жазды. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы азаматтың құжат тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінгенін мәлімдеген. Ал құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты сұрақтар әзірге толық жауапсыз қалып отыр.
Мұнда бір маңызды мәселе бар: егер азаматтың сайлау комиссиясына уақтылы жетуіне күштік құрылымдардың әрекеті кедергі келтірсе, онда оның құжатты кеш тапсырғаны үшін жауапкершілікті кім көтереді?
Мұндай жағдайды тек уақыт мәселесімен шектеп қоюға болмайды. Оқиғаға тәуелсіз құқықтық баға берілуі керек.
Жергілікті билік сайлауда кімнен және неден қорқады?
Енді саяси бәсекенің нақты сипатына тоқталайық.
Егер сайлауда билікке жақын партияның басымдығы алдын ала қалыптасқан болса, егер әкімшілік ресурс соның пайдасына жұмыс істесе, онда балама партиялардың кандидаттарына кедергі жасаудың қандай қажеттілігі бар?
Неге оларды еркін қатыстырмасқа? Неге халықтың таңдауына сенбеске?
Әр округте бір партияның кандидаты мен сайлаушылардың назарын аударту үшін ғана қатыстырылған, шынайы бәсекеге қабілеті төмен екі үміткерден тұратын жасанды балама қалыптастыру – саяси бәсекенің мәнін жояды.
Әрине, сайлаудың нәтижесін алдын ала кесіп айтуға болмайды. Бірақ қоғамда «жеңімпаз алдын ала белгілі» деген түсінік қалыптасса, бұл – саяси жүйе үшін үлкен проблема.
Оның үстіне, «Әділет» партиясының өңірлердегі кандидаттарының мүмкіндігі, басқа партиялардың сайлау науқанына қатысу жағдайы ашық әрі әділ бағалануы керек.
Сайлаушылардың дауыс беру белсенділігі төмен болса, оның себебін де билік өзінен іздеуі тиіс. Халық сайлауға сенбегендіктен бармай ма, әлде саяси таңдау мүмкіндігі шектеулі болғандықтан қызығушылығы жоғалды ма?
Ал сайлауға қатыспаған азаматтардың атынан дауыс берілді деген күдік туындаса, ол да нақты дәлелдер негізінде тексерілуі қажет. Қоғамның сайлау нәтижесіне сенуі үшін дауыс беру мен санау процесі барынша ашық болуы шарт.
35 жылдық саяси сабақ неге қорытылмайды?
Қазақстан тәуелсіздік алғанына 35 жыл болды. Осы уақыт ішінде біз талай сайлау науқанын өткіздік. Саяси реформалар жарияланды, партиялық жүйені дамыту туралы бастамалар көтерілді, Конституция өзгерді.
Бірақ бір мәселе әлі күнге дейін билік пен қоғам арасындағы саяси сенім мәселесі толық шешілген жоқ:
Сайлауды өткізу – тек бюллетень таратып,
дауыс санау емес.
Сайлау – азаматтың өз таңдауына құрмет көрсетілетін саяси институт.
Егер кандидаттарды тіркеу кезінде-ақ кедергілер туындаса, егер кейбір азаматтар күштік құрылымдардан қысым көрдім деп мәлімдесе, онда сайлаудың қалған кезеңдерінің әділдігіне қатысты да сұрақтар туындайды.
Бір партияның жеңісінен бұрын, сайлаудың әділ өтуі маңызды. Өйткені әділетсіз жолмен алынған жеңіс биліктің легитимділігіне қызмет етпейді.
Президент ішкі саяси ахуалды кімге сеніп тапсырды?
Мемлекет басшысы сыртқы саясатпен, халықаралық келіссөздермен, геосаяси мәселелермен айналысып жатқанда, ел ішіндегі саяси процестерге кім жауап береді?
Үкімет, Президент Әкімшілігі, Орталық сайлау комиссиясы, облыс әкімдері – әрқайсысының өз міндеті бар. Бірақ олардың барлығы Конституция мен заң талаптарын орындауға міндетті.
Президенттің саяси реформалары қағаз жүзінде ғана қалмауы керек. Оны іске асыратын мемлекеттік аппараттың өзі реформаның мазмұнына сай өзгеруі қажет.
Бір жағынан, билік саяси жаңғыру туралы айтады. Екінші жағынан, жергілікті жерлерде ескі әкімшілік әдістер қолданылса, онда реформаның нәтижесі қандай болмақ?
Егер Ақмола облысында айтылып отырған фактілер облыс әкімінің де, сайлау комиссияларының да, құқық қорғау органдарының да жауапкершілігін күн тәртібіне шығаруы тиіс.
Сайлауда кімнің жеңетіні емес, кімнің еркін қатыса алатыны маңызды. Халықтың таңдау құқығы әкімшілік аппараттың мүддесінен жоғары тұруға тиіс.
«Байтақ», ЖСДП, ҚХП немесе басқа партия болсын – олардың ешқайсысы билікке ұнауға міндетті емес. Олар заң аясында өз бағдарламасын ұсынуға, кандидаттарын шығаруға және халықтың қолдауына таласуға құқылы.
Әкімдердің міндеті – жеңімпазды алдын ала дайындау емес, әділ бәсекеге жағдай жасау.
Егер билік шынайы саяси реформаны қаласа, ең алдымен жергілікті жерлердегі әкімшілік қысымға тосқауыл қоюы керек.
«Сайлауды
билік өткізеді, бірақ оның тағдырын халық шешуі тиіс».
Конституцияның қадірі де осында!