Солтүстік Корея Ресейге әскери техника мен Украинадағы соғысқа әскер жіберіп, өзі тарығып отырған азық-түлік мәселесін шешті деп хабарлады Оңтүстік Кореяның The Korea Herald газеті
Мәскеу Пхеньянға шамамен 700 мың тонна күріш жеткізген, яғни бұған дейін жібергенінен 600 мың тонна көп.
Мұндай деректі Оңтүстік Кореяның барлау қызметі парламенттегі барлау комитетіне хабарлады деді парламент мүшесі, Оңтүстік Кореяның Мәскеудегі бұрынғы елшісі Ви Сон Лак The Korea Herald газетіне.
Оның сөзінше, 700 мың тонна күріш – Солтүстік Корея жылына өндіретін күріш көлемінің шамамен 17 пайызына тең. Ресейдің тасымалы Солтүстік Корея мұқтаж болып отырған күріштің жартысына жуығын жабады. Ресей Солтүстік Кореядан артиллерия снарядтарын сатып алып жатқандықтан, азық-түлік мәселесінің едәуір бөлігі "қару-жарақ саудасы есебінен шешілген болуы мүмкін" деді ол.
Немістің Фридрих Науманн атындағы қорының есептеуінше, Солтүстік Корея Ресейге құны шамамен 5,5 миллиард доллар болатын қару-жарақ сатқан болуы мүмкін.