Солтүстік Кореяда орыс тілі 4-сыныптан бастап міндетті пәнге айналды

31

Munarmedia.kz 28.11.2025 /Астана/ Солтүстік Кореядағы білім беру жүйесінде елеулі өзгеріс жасалды: келесі оқу жылынан бастап орыс тілі барлық мектептерде 4-сыныптан бастап міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл жөнінде Ресей мен КХДР арасындағы үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Александр Козлов ресми хабарлады.

Сонымен қатар Корея Халық Демократиялық Республикасында арнайы орыс тілінде білім беретін орталық ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оның ғимараты елдің жетекші университеттерінің бірі жанынан салынып жатыр. Орталық іске қосылғаннан кейін барлық пәндер орыс тілінде оқытылатын толыққанды білім беру мекемесіне айналмақ.

Орыс тілі бұрыннан-ақ КХДР-дағы ең көп таңдалатын шет тілдерінің қатарында болатын. Алайда жаңа реформа бұл үрдісті жүйелі әрі жаппай сипатқа жеткізеді. Өз кезегінде Ресейде де корей тіліне қызығушылық артып келеді: бүгінде үш мыңнан астам ресейлік оқушы корей тілін екінші немесе үшінші шет тілі ретінде таңдаған.