Солтүстік Қазақстанда колония бастығы ұсталды: шартты түрде босату «бағасы» бар ма?

41

**Munarmedia.kz 22.02.2026 / Астана**Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық-атқару жүйесінде кезекті жемқорлық дауы өршіп келеді. Күні кеше өңірде колония-қоныс басшысы ұсталды.

Әңгіме Қызылжар ауданына қарасты Ольшанка ауылында орналасқан №52 мекеме туралы болып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, аталған мекемені 2024 жылдан бері 46 жастағы Рүстем Рахметов басқарып келген.

Алдын ала ақпараттарға сүйенсек, ол пара алды деген күдікке ілінген. Болжам бойынша, колония басшысы сотталғандардың бірін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға (ШТМБ) ықпал ету үшін сыйақы алуы мүмкін. Алайда істің нақты мән-жайы мен күмән келтірілген қаражат көлемі әзірге жарияланған жоқ.

Бейресми дереккөздердің мәліметінше, аталған мекемеде жазасын өтеп жатқан азаматтар бұған дейін де шартты түрде босатуға қажетті көтермелеу шараларын алу өте қиын екенін айтып шағымданған.

Айта кету керек, бұл — аталған ведомствоға қатысты алғашқы жемқорлық дауы емес. 2024 жылдың шілде айында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сол кездегі басшысы Адлет Мустафинов 1 миллион теңге көлемінде пара алды деген айыппен ұсталған болатын.

Сот үкімімен оған 30 миллион теңге айыппұл салынды және өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан айырылды.


Ал 2023 жылдың тамыз айында оның алдындағы басшылардың бірі, қазір бұрынғы генерал Берік Билялов алаяқтық дерегі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған еді. Кейін белгілі болғандай, экс-басшы өткен жылдың соңында амнистия негізінде бостандыққа шыққан.


Қылмыстық-атқару жүйесіндегі мұндай даулы оқиғалар қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Жазасын өтеушілердің құқықтары мен заңдылықтың сақталуы — мемлекеттің басты қағидаттарының бірі. Ал жауапты тұлғалардың өздері күдікке ілінуі сала беделіне көлеңке түсіретіні сөзсіз.