Созақ ауданында жаңа кітапхана пайдалануға берілді

18

Munarmedia.kz 25.03.2026 /Astana/Созақ ауданының орталығы – Шолаққорған ауылында мәдениет пен руханияттың маңызды ордасы саналатын жаңа кітапхана ғимараты пайдалануға беріліп, ел игілігіне табысталған.


Заманауи үлгіде бой көтерген кітапхананың жұмыс барысымен таныстық. Көрсетілетін қызмет түрлері таңғаларлық.


Айта кетейік, жаңа кітапхана ғимаратының кітап қоры 500 мыңға жуық. Заман талабына сай жабдықталып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда жастардың еркін білім алуына, ізденуіне, шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндік бар. Кітапханада кітап оқумен қатар, түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, кездесулер мен танымдық жобаларды өткізуге арналған кеңістіктер қарастырылған.


Құрылыс алаңының жалпы аумағы – 2 536 шаршы метр, ал ғимараттың өзі 496 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында асфальтталған жолдар, көгалдандыру, жасыл аймақтар мен жарықтандыру жүйелері толық қамтылған. Сондай-ақ кіреберіс алаң мен автотұрақ орындары қарастырылған. Ғимарат климаттық және сейсмикалық талаптарға сай салынған.


Кітапхананың төменгі қабатында кітап сақтауға арналған қоймалар орналасса, бірінші қабатта акт залы, оқу залы, құжаттарды өңдеу және жинақтау бөлімі, абонемент және қызметкерлер кабинеттері бар. Екінші қабатта оқу және мәжіліс залдары, абонемент, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, кітапхананы дамыту бөлімі, сондай-ақ тілдерді оқыту және дамыту орталығы жұмыс істейді.