Созақ ауданына газ жеткізілді

14

Munarmedia.kz 25.03.2026 /Astana/-Түркістан облысына қарасты, Теріскей өңірінде қоныстанға Сырлы созақ ауданының орталығы, Шолаққорған ауылына биыл алғаш рет жеткізілді.  


Шолаққорған ауылының ішкі көшелеріне жалпы ұзындығы 216,6 шақырымды құрайтын газ тарату желілері жүргізіліп, сығымдау тәсілі арқылы толық техникалық тексерістен өткізілген. Нәтижесінде қазіргі таңда 100-ге жуық көшеде орналасқан 4 600 тұрғын үй табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие.

Қазіргі уақытта Е. Өмірбеков көшесінде орналасқан екі тұрғын үй көгілдір отынды пайдалануда. Қалған тұрғын үйлерде ішкі газ жүйелерін жүргізу және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ өзге көшелерде орналасқан тұрғын үйлер де ішкі желілерін техникалық талаптарға сәйкестендіріп, құжаттандыру рәсімдерін толық аяқтағаннан кейін кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосылатын болады.


Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амановтың айтуынша ішкі газ желілері толық дайындалып, техникалық талаптарға сай келетін тұрғын үйлер ғана газ жүйесіне қосылады. Тұрғын үйлердің ішкі желілерін дайындау және қосу жұмыстары меншік иелерінің есебінен жүргізіледі. Қазіргі таңда бұл бағытта  мамандандырылған 6 компания қызмет көрсетуде. Бүгінгі күні аталған компаниялар 3000-ға жуық абонентпен тиісті  келісімшарт жасасқан. Монтаждау жұмыстарын жүргізгеннен кейін «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ» Түркістан өндірістік филиалынан техникалық шарт алып, газ жүйесіне қосылады

Аталған жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде және мәселе тұрақты бақылауда.