Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының 3-4 күндері Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында өтті. Ол ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Топ жетекшісі – «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров.
Созақтан барар жолда Кентау қаласы аумағына қарасты Ащысайдың тамаша табиғатында (Мәруса бұлақ) фотосессия жасаумен басталған бұл күнгі сапар Отырар ауданының Қоғам ауылы кіреберісіндегі Арыстанбаб кесенесіне зиярат етуге ұласты. Ол жерде экспедицияшылар осы маңдағы мазаратта жерленген бірқатар батыр-палуандар тарихына қанығып, әсіресе, Ошақты руының Тасжүрек атасынан тарайтын және Жоңғар шапқыншылығы заманындағы атақты қолбасшы Саңырық батырдың жақын туысы Итемген ердің естелігіне ден қойды. Оның «Пілді жеңген» деген дақпырты мен тағы да басқа күштік ерліктері жазып алынды.
Бұдан әрмен топтың Отырар ауданы орталығы Шәуілдірде өтіп жатқан Наурыз мейрамы тойына барып, аудан басшылығы және зиялыларымен кездескенін атап өткен жөн. Тап осы мекенде сапардың басты мақсаттарының бірінің де кезегі келді. Яғни ұмыт болған көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғыртылды. Оны жергіліктілер атынан Абылайхан Қалназаров өтініш етіп, топ құрамында бірге жүрген ақмолалық айтулы палуан Арман Сүлеймен салмағы 200 келіге жуық тас көтеріп, бәрін орынымен атқарып шықты.
Экспедиция жетекшісі Абылайхан Қалназаров өз сөзінде:
– Ареке, бұрынғы кездері ауыл-аймаққа әйгілі балуан
келсе, зиялы кісілер одан Балуан тас көтеруді өтінеді екен. Бұл рәсімді соңғы
рет Отырар ауданында 15 жыл тұрған Қажымұқан атамыз жергілікті милиция бастығы
Мырзахмет Сүлейменов үйінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары көтеріпті. Одан
беріде 1952 жылы қытай тарапта Дәлелхан палуан көтерді деп естиміз. Ал қазіргі
Қазақстан шекарасында кәдімгідей Балуан тас атын атай, Қажымұқаннан кейін рәсім
мен шартты сақтап көтерген ешкім жоқ. Сізге осы шәуілдірліктер атынан өтініш
айтайын. Өзара сыйластығымыздың нышаны және күш-қуатыңыздың белгісі болсын!
Мына тасты тұғырға орнатып беріңіз, - деп өтініш жасады.
Ізінше Арман палуан көрсетілген тасты көтеріп, тұғырына
қондырды. Осы сәттен бастап ол тас «Балуан тас» мәртебесіне өтті.
Бір қуаныштысы, осы тамаша жиында өзі де жергілікті
Абылайхан Қалназаровтың әкесі Мамырайхан Қалназаров ақсақал Арман палуанға бата
беріп, астына ат мінгізді.
Мамырайхан ақсақал:
– Ауылымызға күнде мұндай алып келе бермейді. Атам қазақта «Балуан келсе, құт» деген. Арман ат емес, көлік мінгізуге лайық», - деді.
Айта кетейік, қазақ даласында,
дәлірек айтқанда, оңтүстік өлкеде Қажымұқаннан кейін дәл осындай жойқын тас
көтерген кісілер болмады. Осылайша, араға сексен жылдан аса (86 жыл) уақыт
салып, ұмыт бола бастаған рәсім 2026 жылдың 20 наурызында Қажымұқаннан кейінгі
тоқтаған жері Шәуілдірде қайта жаңғырды. Яғни бұл істің символдық та мәні зор.
Бұл орайда Қажымұқанның
көтерген тасының салмағы куәгерлердің сөзіне қарағанда, формасы жағынан сандық
тәріздес және салмағы 30-40 пұт шамасы болған. Өкінішке қарай ол тас 1969 жылғы
аудан аумағында болған су тасқыны кезінде басқа да балуантастармен бірге
жоғалған. Топ мүшелері оның үлгілік муляжын жергілікті музейлердің біріне
орнатуға алдағы уақытта қол жеткізуге әкімдік қызметкерлерімен уағдаласып
тарқасты.
Мұнан әрмен қарай сапар барысында мұндағы Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 1934-1947 жылдар аралығында тұрған, өз қолымен көтерген ескі үйіне (Қоржын там) экскурсия жасалды. Онда ізденімпаздар арнайы гидтен көп ақпарат алып, Қажымұқаннан қалған тағы бір құнды жәдігер – өз қолымен еккен кәрі қараталдың жанында фотосессия жасады.
Өкінішке қарай Ақтөбе ауылындағы Қажымұқан Мұңайтпасов
атындағы орта мектепке жоспарланған экскурсия болмай қалды. Ол мектепте
Қажымұқанның туған ұлы Жанәбіл ескерткіш ретінде бір жылдары табыстаған әйгілі
палуанға тиесілі ойын Балуан тасы, яғни кеудесіне қойылып, балғамен сындырылған
тастың бөліктері зерттеп зерделенбей қалды. Себебі мектеп директоры аталмыш
тасты көрсете алмайтынын және мағұлымат бермейтінін жеткізді.
Отырар ауданындағы сапар мұнымен бітпей, топ өкілдері Шәуілдірдегі Әбу-Насыр Әл-Фараби музейіне экскурсия жасап, ондағы Қажымұқанның малатасы, әрі жаттығу Балуан тасы тарихымен танысты. Сонымен қатар осы музейді құрушы жергілікті жазушы Абдулла Жұмашев Академия атынан «Рухани балуан» деп танылып, оған арнайы «Балуан тас» төсбелгісін тақты. Өз кезегінде бұл қадамды Абылайхан Қалназаров оның символдық Балуан тас көтерген жан ретінде тіркеуге алынуымен түсіндірді.
– «Балуан тас философиясы физикалық және онымен теңдей рухани өрісте де жатқан киелі платформа. Тікелей ауыр көтерген алыптармен қатар, астарлы жойқындық көтерген тұлғалар да көп. Біздің мақсатымыз да сол заттық тастармен ғана шектелмей, оның терең мәнін ашу. Қаратаудың күнгейі мен теріскейін қатар қамтыған бұл сапарымыздың миссиясы осымен анықталады», - деді Абылайхан Қалназаров.
Айта кетейік, сапар бағыты Отырар ауданы өндірістік паркін аралауға да ұласты. Атап айтқанда, тоқыма өнеркәсібі, шлангі шығару зауыты, сондай-ақ мақта зауыты жұмысына назар аударылды. Арыстанбабқа қайтар жолда Сырдария көпірінде фотосессия жасаудың сәті түсті. Ол жерде Сыр бойы батыр-палуандарының деректері тәптіштелді. Әсіресе, мұндағы ерлерде жолбарыстар популяциясы жойылғанша қолданыста болған жалаң қолмен жолбарыс алып, мәртебе алу дәстүріне қатысты мағұлыматтар тіркеліп алынды.
Топ мүшелері жергілікті ақсақалдар аузынан тағы да нешеме тың деректерді жазып алып, 2 Балуан тастың тарихына қанықты. Сол деректерге сүйенсек, олардың бірі су тоғаны маңындағы су астында және суы тартылған кезде ғана көруге мүмкіндік бар. Екіншісі, Арыс өзенінің жағалауында және оны табу үшін бүгінде жыңғыл басып кеткен үлкен аумақты сүзіп шығу керек. Кейінгісін 1969 жылғы аудандағы су тасқыны кезінде ел жаппай Арыс өзені жағасын биіктетіп топырақ, тас тастап жатқанда Шәмші Қалдаяқовтың кластасы Келдібек Жабатаев деген ақсақал жастарға ескертіп жүріп бірнеше Балуан тасты сол жерге зембілмен көтергізіп апарып тастатқан көрінеді. Мұның мәні мынау: өзен жағасына тақау маңда бұрындары базар болған болса, ол базарда Қажымұқан палуан тұрақты түрде өнер көрсетіп отыратын алаңқай болыпты. Міне, осы алаңдайда алып күш иесінің ойын балуантастары үйіліп жатқан.
Бұл күннің қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 2 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді. 2 заттық Балуан тас нақтылауды қажет ететіндіктен, кейінге қалдырылды. Бұл қатарға Абдулла Жұмашевтің символдық Балуан тас көтерген кісі ретінде де 1 дана деп тіркеуге алынғанын жеткіземіз.
Ертеңіне топ Түркістан қаласына жол тартып, жоспарлы
бағдарламаға сәйкес Көкпардан әлемдік чемпионатқа қатысып, «Балуан тас»
академиясы атынан алдағы айлары шыққалы жатқан «Көкпар қайдан шыққан? Генезис,
этимология, сыр-құпиялары» атты ғылыми кітап пен «Көкпар» сериялы кітаптарының
1-2-3-4 томдарына көкпаршылардан түрлі материал жинады.
Топ мүшелерінің Сауран ауданы аумағындағы Жылаған ата басындағы Балуан тасқа баруға мүмкіндігі болмады. Өйткені барар жолдағы өзен арнасынан асып, жүретін жол жабылған (Алайда ол мәліметі толық болғандықтан «Қазақ күшінің картасына» заттық 1 Балуан тас ретінде тіркелді).
Дегенмен аудан
аумағындағы өндірістік паркті тамашалаудың реті келді. Инвестициялық жобаларды
арттыру мақсатындағы Өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Қазірдің өзінде 3
қатардан тұратын 40 ғимарат ғимараттың құрылысы аяқталып, 32 жобаның іске асқанына
көз жеткізілді. Оның ішінде: жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін
шығаратын, ауыл шаруашылық тракторларды өндіретін және сэндвич панелдер,
мектепке арналған жиһаздары мен медициналық, кеңсеге арналған жиһаздар,
тоңазытқыштарды өндіретін, ішкі есіктер және дрон өндірісі және тағы басқалар
бар.
Экспедиция мүшелері сапар нүктесін Қожа Ахмет Ясауи
кесенесінде зияратпен тәмамдап, Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығы Ясауитану
ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлының күш дәрісін тыңдады.
Бұдан басқа ізденістер барысында Академия алдағы айлары шығаруды жоспарлап жатқан «Пілмен күрескен қазақтың 7 палуаны» атты кітабы үшін осы Түркістанда туған Бабай батырдың да деректері жинақталды. Түркістанның солтүстік бағытында «Сунақ қақпа», оңтүстік-шығысында «Иқан қақпа» деп аталатын екі ірі қақпасы болған болса, оның әулетінің Сунақ қақпа иегерлерінің бірі болғаны анықталды.
Осылайша, бұл сапар 21 наурыз күні өз мәресіне жетті. Бұған
дейін Сайрам, Ордабасы, Бәйдібек және Созақ аудандарында іздестіру жұмыстары
жүргізілген болатын. Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші, Абылайхан
Қалназаров. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті
академиясы ұйымдастырып отыр.
Қатысушылар құрамы өте іріктелген. Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар болды. Мысалы, Зейін Әліпбек бастаған тілшілер мен блогерлер қосыны және Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғыры. Спортшыларды әйгілі балуан Арман Сүлеймен бастап жүрді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасының тұсауы былтыр Наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылды.
Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін
зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени
айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.
Сонымен, «Балуан тас» сапарының 3-4-күнгі Отырар, Сауран аудандары
мен Түркістан қаласына қатысты қорытындысы осындай.
📞Байланыс: 8 778 442 84
13