«Балуан тас» сапарының 2-күні Бәйдібек, Созақ аудандарында өтті

67



Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының 2-күні Бәйдібек, Созақ аудандарында өтті. Ол ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Топ жетекшісі – «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті, күш мәдениетін зерттеуші Абылайхан Қалназаров.

 

Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелеріне зиярат етумен Бәйдібек ауданында жалғасқан іс-шара Байжансайдағы «Балуан тас» шатқалын зерттеп зерделеуге ұласты. Сондай-ақ экспедиция мүшелері Бәйдібек ата су қоймасы құрылысының жай-жапсарымен танысты. Мұның арасында топ өкілдері аңызы негізінен Есіркеп Қойгелді батырмен байланыстырылатын Ақмешіт әулие үңгірін барып тамашалады. Бұл ауданда мағлұматы қалған, бірақ тасы жоғалған Сәрсен палуанның Балуан тасы мен Алмалы ауылы төңірегінде болуы ықтималды басқа да тастардың іздестірілгенін атап өткен жөн. Мапырашта атанған әйгілі рулар анасының да деректері пысықталды.

 

Мұнан әрмен қарай сапар барысында Созақ ауданындағы Ысқақ баб пен Баба Түкті Шашты Әзиз кесенелеріне зиярат етіліп, Шолаққорғандағы Сұлтанбек Қожанов атындағы музейдегі Қажымұқан Мұңайтпасұлының соғыс жылдары осы аймаққа келіп өнер көрсеткен ойын тастарының бөліктері зерттеу мен насихат нысанына айналды. Сонымен қатар Кенесарының інісі Наурызбай батыр мен Қоңырат Ер Төлебай күш сынасып көтеріскен Балуан тас – Қызылтастың тарихы таныстырылды. Өкінішке қарай тастың өзі жоғалғандықтан, Академия ұсынысы бойынша муляжы ғана орнатылған. Осы қатарда Созақта туған қазақтың ең көне ертегісі «Кер Құла атты Кендебай батыр» да жаңа заман танымы тұрғысынан зерттеп зерделенді.

 

Топ мүшелері жергілікті ақсақалдар аузынан нешеме тың деректерді жазып алып, 2 Балуан тастың тарихына қанықты. Сондай-ақ жергілікті азамат Сәуленбек Адырбек шаңырағында тағы нешеме мәлімет алып, топ мүшелеріне ол созақтықтар рәсімімен 12 шапан жапты.

 

«Біз Балуан тастарды тезірек тауып, тарихнамасын түгендеп, жүйеге келтіріп қоймасақ кеш қаламыз. Онсыз да аз сақталып қалған тастар күннен күнге азайып бара жатыр. Барын қорғап, жоғын ақпараттық деңгейде болса да қалпына келтіріп, олардың ұлттық идеологиядағы орынын берік бекітіп қойған жөн», – деді Абылайхан Қалназаров.

Бұдан бөлек оның айтуынша, Бәйдібектегі «Балуан тас» шатқалы мен Созақтағы Баба Түкті Шашты Әзиздің маңызын айрықша атап өту керек. Себебі, «Балуан тас» шатқалы ықтималды әскери мектептің орыны болса, Шашты Әзиз баба батыр-палуандардың пірі есептеледі және балуантасшылар идеологиясының негізін құрайды. Дала эпостарындағы атақты батырлардың барлығының осы нысанмен байланыстырылуы тегіннен тегін емес. Тіпті, беріде өткен Қажымұқанның өзі осы маңды зияраттап көп жүрген.

 

Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша «Қазақ күшінің картасына» 2 заттық Балуан тас жеке-жеке нысандар ретінде енгізіліп, әрбірінің толық мағұлыматы ақпараттар базасына тіркелді.

 

Айта кетейік, бұл сапар 21 наурызға дейін жалғасады және әрмен қарай Отырар, Сауран аудандары мен Түркістан қаласында өтеді. Бұған дейін Сайрам, Ордабасы аудандарында іздестіру жұмыстары жүргізілген болатын. Жоба авторы – күш мәдениетін зерттеуші, Абылайхан Қалназаров. Экспедицияны «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы ұйымдастырып отыр.

 

Қатысушылар құрамы өте іріктелген. Сапарға арнайы жасақталған «Балуан тас» журналистер мен блогерлер пулының тұрақты өкілдері, ғалымдар мен спортшылар бар. Мысалы, Зейін Әліпбек бастаған тілшілер мен блогерлер қосыны және Серік Ерғали бастаған ғалымдар шоғыры. Спортшыларды әйгілі балуан Арман Сүлеймен бастап жүр.


 

Тағы бір айта кетерлік жайт, «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» жобасының тұсауы былтыр Наурыз мейрамында елордада кесілген болатын. Бұған дейін жоба аясында Ақтөбе және Павлодар облыстарына экспедициялар ұйымдастырылып, алғашқы ғылыми-мәдени деректер жинақталды. Реттік жағынан үшінші Түркістан бағыты – жобаның рухани-тарихи тұрғыдан ең маңызды кезеңдерінің бірі. Сонымен қатар бұл жолғы сапар Наурыз мейрамы мен Түркістанда өтетін Көкпардан әлемдік чемпионаты іс-шарасына орайластырылып отыр.

 

Жобаның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі күш мәдениетін зерттеу, балуан тастарды ұлттық мұра ретінде жүйелеу, оларды заманауи мәдени айналымға енгізу, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайту.

Сонымен, «Балуан тас» сапарының 2-күнгі Бәйдібек, Созақ аудандарына қатысты қорытындысы осындай.

 

📞Байланыс: 8 778 442 84 13