Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
Астана
USD 501.21
Menu

Стамбұлдың бұрынғы мэрі Имамоғлу сот алдына келді: оған жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр

49


Түркияда Стамбұлдың экс-мэрі және оппозиция көшбасшысы Экрем Имамоғлуға қатысты сот процесі басталды. Ол жемқорлық пен тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясымен байланысы бар деп айыпталуда.

2025 жылдың 11 сәуірінде, жұма күні, Имамоғлу алғаш рет сот алдына келді. Жеті жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін деген айыптауларды ол саяси астары бар деп атады.

Оппозиция көшбасшысы өз кінәсін мойындамады. Сот залында ол бұл қудалауды өзінің саяси жетістіктерімен байланыстырды:

«Мен мұнда Стамбұлда үш сайлауда жеңіске жеткенім үшін келіп отырмын. Мен мұнда 86 миллион адамның жүрегіндегі президент болғаным үшін отырмын», – деді саясаткер.

Экрем Имамоғлу, 2028 жылғы президенттік сайлауда Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде қарастырылып жүрген саясаткер, 19 наурызда, яғни президенттік науқан басталардан бірнеше күн бұрын тұтқындалды. Мемлекеттік Anadolu агенттігінің хабарлауынша, оған ауыр айыптар тағылған – пара алу, қылмыстық ұйымға басшылық жасау және терроризмді қолдау.

Билік тарапынан қысымға Имамоғлу алғаш рет ұшырап отырған жоқ. 2022 жылы ол ОСК өкілдерін қорлады деген айыппен шартты жаза алған болатын. Ал 2023 жылғы сайлау науқаны қарсаңында оған бірқатар қоғамдық іс-шараларға қатысуға тыйым салынған еді.

Имамоғлу ісі бойынша келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.

Осы жағдайға байланысты Түркияда оппозицияны қолдаушылар жаппай митингілерге шығып, наразылықтар әлі де жалғасуда.