Оман астанасында Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келісімге қатысты келіссөздер басталды. Deutsche Welle басылымының хабарлауынша, келіссөздер жанама форматта өтуде: Тегеран мен Вашингтон өкілдері әртүрлі бөлмелерде орналасып, омандық делдалдар арқылы байланысуда.
Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи, ал АҚШ тарапын Президенттің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф басқарып отыр.
Омандық ақпарат көзі агенттікке берген мәлімдемесінде:
«Келіссөздердің басты тақырыптары – өңірдегі қақтығыстарды бәсеңдету, тұтқындарды алмастыру, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасын бақылауға алу есебінен санкцияларды ішінара жеңілдету туралы шектеулі келісімдер болады», – деп мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті алғашқы кездесудің танысу сипатына ие болатынын хабарлаған. Ал Тегеран өз кезегінде АҚШ делегациясы қоқан-лоқы тілінен және ядролық бағдарламаға қатысты шектен тыс талаптардан бас тартады деп күтуде.
Politico басылымының дерегінше, АҚШ президенті келіссөздер барысында 60 күндік мерзім белгілеген. Осы уақыт аралығында нақты нәтижеге қол жеткізілмесе, Тегеран әскери шараларға тап болуы мүмкін.
Бұған дейін Дональд Трамп АҚШ пен Иран арасында тікелей келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Вашингтон Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселені дипломатиялық жолмен шешуге ниетті.