Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Талғарда қаза тапқан Шерзат Полаттың әкесіне қылмыстық іс қозғалды

88


Алматы облысында Шерзат Полаттың отбасы төңірегіндегі дау басылар емес. Соңғы деректер бойынша, қаза болған жасөспірімнің әкесі Қаржаубай Нұрымовқа бөтеннің мүлкін әдейі бүлдіргені үшін қылмыстық іс қозғалды. Полиция мәліметінше, ол автокөлікті пышақпен сызып, дөңгелегін тескен. Бұзақылық үшін сот Нұрымовқа 15 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындаған. Алайда көлік иесіне келтірілген залалдың мөлшері әкімшілік жауапкершілік шегінен асып кеткендіктен, іс қылмыстық сипат алған, деп түсіндірді құқық қорғаушылар.

2024 жылдың 4 қазанында Талғарда жаппай төбелес орын алып, 16 жастағы Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болған еді. Қоғамда үлкен резонанс тудырған бұл қылмыс ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергелуде. Қазіргі таңда 11 күдікті қамауға алынған. 11 желтоқсанда ІІМ тергеу ісі жылдың соңына дейін аяқталатынын хабарлады. Сонымен қатар, Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты да тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол өзіне қол жұмсаған.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қаржаубай Нұрымов 10 желтоқсанда ағасы Ғайыпбаевтың жерлеу рәсімі кезінде ұсталған. Бұл әрекет оның жақындары мен адвокаттарының өтініші бойынша жүзеге асқан. Олар Нұрымовтың өзіне немесе басқаларға зиян келтіруі мүмкін деп алаңдаған.

Алайда адвокат Асқар Қаймақов бұл ақпаратты жоққа шығарды:

«Біздің тараптан Қаржаубайды ұстау туралы өтініш жасалған жоқ. Полицейлердің бұл мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Қаржаубайға 15 тәулік қамау жазасын тағайындаған сот шешімі заңсыз, себебі сот процесінде өрескел қателіктер орын алды. Біз бұл шешімге апелляциялық шағым түсірдік».

Қаймақовтың бұл сөздерін қоғам белсендісі Айтбек Амангелді де қолдады:

«Адвокаттар Қаржаубайды оның қауіпсіздігі үшін ұстауды талап етті деген ақпарат жалған. Мұндай өтініш болмаған».

Шерзат Полаттың отбасы төңірегіндегі дау күшейіп барады. Кейбір сарапшылар бұл қайғылы оқиғаны ұлттық проблема ретінде көрсетіп, оны «Қазақстан қоғамының көрінісі» деп бағаласа, басқалары бұл жағдайды революцияға сылтау ретінде пайдалану қаупі бар екенін айтады. Олар әлеуметтік желілерде осы оқиға аясында жағдайдың әдейі ушықтырылып жатқанын мәлімдеді: «Жаңа аккаунттар мен арналар пайда болып, елдегі наразылықты қоздыруға тырысуда».

Жақында интернетте Тараз қаласында Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің отбасын қолдау митингісі өтіп жатыр деген ақпарат тарады. Алайда Жамбыл облысы әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, азаматтарды тек ресми мәліметтерге сенуге шақырды.

«Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы» қорының мамандары да қоғамды тұрақсыздандырудың алдын алу бойынша ұсыныстар жариялады. Олар соңғы күндері белгісіз адамдар Талғарда болған бұрынғы наразылықтардың бейнежазбаларын ешқандай түсіндірмесіз таратып, жаңа митингілер туралы қауесеттер тудырғанын айтты. Қордың мәліметінше, арандатушылар жасанды интеллектті және шетелдік блогерлерді пайдаланып, қоғамды эмоцияға толы ақпарат арқылы манипуляциялауға тырысуда.


Бұған дейін белгілі белсенді Бақытжан Төрежанова мен оппозициялық журналист Азамат Мағитанов әлеуметтік желілерде эмоционалды жазбалар жариялап, Қазақстан билігін Тәуелсіздік күні қарсаңында азаматтық белсенділерге қысым көрсетуге айыптаған болатын.