Таяу Шығыс елдерінің туризм саласындағы шығындары 56 млрд долларға дейін жетуі мүмкін.

58

Munarmedia.kz 06.04.2026 /Astana/ – Әскери қақтығыстар басталғаннан кейін Біріккен Араб Әмірліктері аумағында мыңдаған рейс тоқтатылды. Ал жылына 95,2 млн жолаушыға қызмет көрсеткен Дубай халықаралық әуежайы жұмысы айтарлықтай шектелді.

Қонақүйлердің толымдылығы әдеттегі деңгейдің 15–20%-ына дейін төмендеген. Соғыс басталған алғашқы айдың өзінде 226,5 мыңнан астам брондау күшін жойған. Ірі конференциялар мен іс-шаралар кейінге шегеріліп, қонақүй қызметкерлерінің жұмыс уақыты қысқартылған немесе ақысыз демалысқа жіберілген.

Дубай билігі бизнеске қолдау көрсету үшін 272 млн доллар бөлген және туристік салықты уақытша кейінге қалдырған.

Tourism Economics дерегінше, егер қақтығыс реттелмесе, 2026 жылы өңірге келетін шетелдік туристер ағыны 11–27%-ға төмендеуі мүмкін. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады. Бұған дейін желтоқсанда жарияланған болжамда керісінше 13% өсім күтілген болатын.

Ең нашар сценарий бойынша, аймақ 23–38 млн туристен қағылуы мүмкін. Ал туристік шығындардың қысқаруынан болатын жалпы қаржылық жоғалту көлемі 34–56 млрд доллар аралығында бағаланып отыр.