Tesla электромобиль өндіру бойынша әлемдік көшбасшылықты қытайлық BYD компаниясына берді

25

Munarmedia.kz 04.01.2026 /Астана/ АҚШ-тың Tesla компаниясы әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісі мәртебесінен айырылды. Sky News мәліметінше, бұл көрсеткіш бойынша көшбасшылықты қытайлық BYD компаниясы иеленді.

Tesla үшін өткен жыл күрделі кезең болды. Компания бас директоры Илон Масктың саяси қызметіне қатысты алаңдаушылықтар және шетелдік нарықтардағы қатаң бәсекелестік сату көлемінің екінші жыл қатарынан төмендеуіне әсер етті.

Компанияның мәліметінше, 2025 жылы Tesla 1,64 млн автокөлік жеткізген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9%-ға аз.

Ал қытайлық бәсекелес BYD 2025 жылы 2,26 млн электромобиль сатқан. Осылайша, BYD әлемдегі ең ірі электромобиль өндіруші компания атанды.

Сарапшылардың пікірінше, электромобиль нарығындағы бұл өзгеріс Қытай автоконцерндерінің жаһандық ықпалының артып келе жатқанын және саладағы бәсекенің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді.