30.05.2026. АСТАНА. Munarmedia.kz – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Месамен кездесті.
Кездесу барысында Президент қонаққа Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысқаны үшін алғыс айтып, Еуразиялық экономикалық одақ қызметіндегі Кубаның қатысуы маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, цифрлық трансформация саласындағы тәжірибемен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, еліміздің электрондық үкімет (e-gov) жүйесі бойынша әзірленген шешімдерін экспорттау мүмкіндігі қарастырылатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Сальвадор Вальдес Меса Куба Президенті Мигель Диас-Канельдің ыстық ықыласы мен сәлемін жеткізіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Тараптар денсаулық сақтау, фармацевтика, кәсіпкерлік және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту бағытында өзара іс-қимылдың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Кездесу соңында сұхбаттасушылар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
#Тоқаев #Куба #СальвадорВальдесМеса #ЕАЭО #ЕуразиялықЭкономикалықФорум #ЖасандыИнтеллект #EGov #ХалықаралықЫнтымақтастық #Munarmedia