Munarmedia.kz-10.11.2026ж/Астана/-Қасым-Жомарт Тоқаев Х халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Құрылтайында мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне тоқталып, тілге қатысты араздық пен жанжалға жол беруге болмайтынын мәлімдеді.
Президент қазақ тілінің мәселесі мемлекеттік, саяси және жалпыұлттық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілінің беделін көтеріп, халықаралық деңгейде мойындату үшін бүкіл қоғам күш біріктіруі керек.
Мемлекет басшысы қазақ тілін халықтың ортақ қазынасы деп атап, оның талай тарихи кезеңнен аман өтіп, бүгінге жетуіне жазушылар, тіл мамандары, журналистер, зиялы қауым мен қарапайым азаматтар зор үлес қосқанын айтты.
Тоқаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталып, қазіргі күрделі геосаяси жағдай елдің егемендігін, ұлттық бірлігін нығайтуды, экономика, ғылым және адами капиталды дамытуды талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі Конституцияда бекітілген өзгермейтін норма екенін еске салды.
Президент келтірген деректер бойынша, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді:
🔹 2026 жылы мектеп оқушыларының 71 пайызы қазақ тілінде білім беретін сыныптарға қабылданған.
🔹 2025 жылы жарық көрген 6 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған.
🔹 2026 жылы Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і мемлекеттік тілде жасалған.
🔹 Yandex дерегінше, компания қосымшаларының біріндегі қазақ тілін пайдаланушылар саны 2025 жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.
🔹 Президент келтірген OpenAI зерттеуінде қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелерінде қолданылуы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енгізілген.
🔹 2025 жылы Google қазақ тілін Gemini тілдік моделіне қосқан.
Президенттің айтуынша, қазақ тілін дамыту тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
#Қазақстан #ҚазақТілі #Тоқаев #ТілСаясаты #ЖасандыИнтеллект