Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс қарқынды дамып келеді. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне жарияланған мақаласында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуге дайындалып жатыр. Ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз. ХХ ғасырда біздің халықтарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңіп, ауыр сынақты бірге еңсерді. Қазақстандықтар қан майданда жан аямай соғысты. Қазақстан армияны керек-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сенімді стратегиялық тыл болды. Эвакуация кезінде жүздеген мың отбасы қазақ жерінен пана тапты. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген сөз қазақстандықтар үшін жалаң ұран емес. Бұл ұғым майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қайталанбас ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын білдіреді», — деді Мемлекет басшысы.