Тоқаев вице-премьер Бозымбаевтың жұмысындағы олқылықты атады

64

Munarmedia.kz | 03.05.2026. ASTANA – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында Алатау қаласының инфрақұрылымдық даму қарқынын сынға алып, бірқатар маңызды жобалардың кешігіп жатқанын мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, болашақтағы ірі урбанистік жоба ретінде қарастырылып отырған Alatau Smart City бастамасы аясында ауқымды жоспарлар жасалғанымен, өңірде әлі күнге дейін жол, ауыз су, интернет және электр энергиясымен қамту мәселелері толық шешілмеген.

Мемлекет басшысы қала құрамына қосылған Жетіген, Қоянқұс және өзге де елді мекендердің тұрғындары қарапайым өмір сүру жағдайларына қатысты көптеген шағым айтып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, халық тұрақты интернеттің жоқтығына, жолдардың сапасына, орталықтандырылған сумен қамту мәселелеріне және электр қуатының жиі өшуіне наразылық білдіруде.

– Жаңа аудандарда инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстары әлі күнге дейін жобалау кезеңінен аса алмай отыр. Үш бірдей қосалқы станцияны жаңғырту және су тарту нысанының қуатын арттыру жобалары белгіленген кестеден қалып келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселелерге жауапты мемлекеттік органдар мен Үкіметтің жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Осы ретте Президент жауапты салаға жетекшілік ететін вице-премьер Қанат Бозымбаевтың назарынан тыс қалған түйткілдер бар екенін меңзеді.

Кеңес барысында өңірдегі электр энергиясы тапшылығын шешудің негізгі жолы ретінде жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу қажеттігі айтылды. Сарапшылардың пікірінше, халық саны мен өндіріс көлемі артып келе жатқан Алатау қаласының болашақ қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін энергетикалық инфрақұрылымды жедел жаңғырту маңызды.

Еске салсақ, бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының Алматы облысына жұмыс сапарымен барғанын хабарлаған болатын. Сапар аясында Президент Алатау қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.

Ақорда мәліметінше, қазіргі таңда Алатау қаласының аумағы 88 мың гектарды құрайды. Қала төрт функционалдық аймаққа бөлінген және оларды кезең-кезеңімен 2050 жылға дейін дамыту жоспарланған. Сонымен қатар, қаланың негізгі өсу нүктелері айқындалып, магистральдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жол картасы жүзеге асырылуда.

Айта кетейік, Алатау қаласына ерекше мәртебе беру бастамасы алғаш рет Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында жарияланған еді. Сол кезде Үкіметке республикалық деңгейде тікелей басқарылатын жаңа іскерлік және инновациялық орталық қалыптастыру тапсырылған болатын.

#Тоқаев #ҚанатБозымбаев #АлатауҚаласы #AlatauSmartCity #АлматыОблысы #Инфрақұрылым #Ақорда #Қазақстан #MunarmediaKZ