Қазақстанда 2026 жылғы ауқымды амнистия: 15 мыңнан астам адамға жеңілдік жасалуы мүмкін

36

Munarmedia.kz | 03.05.2026. ASTANA – Қазақстанда 2026 жылы кең ауқымды қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде мәлім болды.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық амнистия 15 мыңнан астам азаматты қамтуы мүмкін. Оның ішінде шамамен 1,5 мың адам бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы ықтимал.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, амнистия қылмыстық теріс қылық жасағандарға, ауырлығы жеңіл қылмыс жасағандарға, сондай-ақ келтірілген шығынды толық өтеген жағдайда орташа ауырлықтағы жекелеген қылмыстар үшін сотталған азаматтарға қатысты қолданылады.

Сонымен қатар бірқатар санаттағы адамдар амнистиядан тыс қалады. Атап айтқанда, терроризм мен экстремизмге қатысты қылмыс жасағандар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін сотталғандар, азаптау фактілеріне қатысы бар тұлғалар, жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыс жасағандар және қайталама қылмыс жасаған рецидивистерге бұл жеңілдік берілмейді.

Сарапшылардың пікірінше, амнистия институты түзеу мекемелеріндегі жүктемені азайтуға, қоғамға қайта бейімделуге дайын азаматтарға мүмкіндік беруге және құқықтық саясатты ізгілендіруге бағытталған.

Айта кетейік, амнистияны жүзеге асыру тәртібі мен нақты тетіктері заңнамалық деңгейде қаралып, кейіннен ресми түрде жарияланады.

#Амнистия2026 #Қазақстан #ІІМ #ҚылмыстықАмнистия #Заң #Құқық #ҚылмыстықСаясат #MunarmediaKZ