АҚШ президенті Дональд Трамп Украина қалаларына жасалған Ресейдің әуе соққыларына байланысты өз таңданысын және ренішін білдірді, деп хабарлайды Exclusive.kz DW сайтына сілтеме жасап.
Трамптың айтуынша, Ресей тарапынан шабуылдар дәл бейбіт келіссөздер жүргізіліп жатқан тұста орын алған. Бұл туралы ол 30 мамыр, жұма күні өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Жиын Илон Масктың Мемлекеттік тиімділік департаменті (DOGE) басшысы қызметінен кетуіне орай ұйымдастырылған.
«Келіссөздер бітуге таяу қалған сияқты көрінген сәтте, Киев сияқты қалаларға зымыран ұшырылғанын көру – мен үшін күтпеген жағдай болды. Бұл мені шын мәнінде таңғалдырды», – деді АҚШ президенті.
Оның сөзінше, АҚШ пен халықаралық қауымдастық «мәселені шешудің сәтіне» жақын қалған болатын, бірақ Ресейдің шабуылдары салдарынан бейбіт тұрғындар мен сарбаздар қаза тапты.
«Мені мұндай жайттар таңғалдырады, ал мені таңғалдыру онша ұнамайды. Сондықтан бұл жағдай мені қатты ренжітті», – деп атап өтті Трамп.
Ол соңғы аптада Ресей мен Украина арасындағы соғыста кем дегенде бес мың адам қаза тапқанын мәлімдеді. «Олардың көпшілігі – сарбаздар, бірақ арасында шағын қалаларда тұратын бейбіт тұрғындар да бар. Мен мұның тоқтағанын көргім келеді», – деді АҚШ басшысы.
Баспасөз мәслихатында журналистердің бірі Трамптан Ресей президенті Владимир Путинді «жақсы» әлде «жаман» адам деп санай ма деп сұрады. Бұл сауалға орай журналист Ресей басшысының «өте қыңыр» екенін атап өтті.
«Иә», – деп келіскен Трамп, – «Зеленский де сондай. Ол да өте қыңыр», – деп қосып қойды.
АҚШ президенті Путинмен бұрыннан таныс екенін және онымен түрлі қиындықтарды бірге өткергенін де айтты. Ол 2016 жылғы АҚШ-тағы президенттік сайлау кезінде Ресейдің ықтимал араласуына қатысты америкалық бұқаралық ақпарат құралдарының жүргізген тергеулерін мысалға келтірді.
Трамп The New York Times басылымын қатаң сынға алып, аталмыш тергеу үшін алған Пулитцер сыйлығының әділ болмағанын айтып, газетке қарсы сотқа жүгінгенін мәлімдеді. Дегенмен, президент журналистің нақты қойған сұрағына тікелей жауап бермеді.
Фото: Nathan Howard/REUTERS