Әзербайжандық әскери қызметкерлер Қазақстандағы оқуын қазақ тілінде жүргізуді жөн көрді, деп хабарлайды Exclusive.kz әзербайжандық haqqin.az сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы, генерал-майор Асқар Мұстабеков мәлімдеді.
«Әзербайжанда оқу үдерісі әзербайжан, түрік немесе ағылшын тілдерінде өтеді. Сол себепті олар біздің университетте де қазақ тілінде білім алғысы келетінін білдірді», – деді ол.
Мұстабековтың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап университетте арнайы қазақ тілі курстары ашылады. «Алдымен олар 9 ай көлемінде қазақ тілін үйренеді», – деп нақтылады генерал-майор.
Сонымен қатар, ол бұл бағдарламалар университеттегі орыс тілі курстарының үлгісінде жасалатынын айтты. «Мәселен, Қытай, Франция және Үндістан офицерлері бізде алдымен орыс тілін меңгеріп, кейін әскери білім алады», – деді Мұстабеков.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ұлттық қорғаныс университетінде ҰҚШҰ елдерінен келген әскери қызметкерлер орыс тілінде білім алуда.
Фото: iStock