Түркістан облысында 3 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топқа үкім шықты

45



Munarmedia.kz 23.07.2026. ASTANA – Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шығарылды. Іс бойынша 27 адам кінәлі деп танылды.

Тергеу мәліметінше, 2016–2021 жылдар аралығында «КТ Яссы Несие» ЖШС-нің басшылығы ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ бөлген қаражатты заңсыз иемдену схемасын ұйымдастырған.

Қылмыстық топ ірі қара мал сатып алуға берілетін жеңілдетілген несиелерді рәсімдеу үшін жалған жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын бөгде адамдардың атына тіркеген. Несие алуға ұсынылған құжаттардың қатарында қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, жалған құқық белгілейтін құжаттар және іс жүзінде жоқ кепілдік мүлік болған.

Тергеу барысында несие рәсімдеуге жауапты мамандар жалған қорытындылар, мүлікті тексеру актілері мен қаражаттың мақсатты игерілгені туралы құжаттарды әзірлеп, несиенің заңды берілгендей көрінісін жасағаны анықталды. Сонымен қатар бағалаушылар мен кепілдікке жауапты қызметкерлер жоқ немесе құны шындыққа сәйкес келмейтін мүлікке жалған бағалау есептерін рәсімдеген. Ал нотариустар ақшалай сыйақы үшін жалған кепіл құжаттарын куәландырған.

Тергеу нәтижесінде 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі анықталып, 24 жалған несие рәсімделгені белгілі болды. Кепіл ретінде 54 жалған немесе іс жүзінде жоқ мүлік нысаны ұсынылған.

Сот шешімімен мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер телімі, 2 пәтер, 4 коммерциялық нысан және 4 автокөлік тәркіленді.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

#Munarmedia #ASTANA #Түркістан #Сот #Қаржы #СыбайласЖемқорлық #АграрлықНесиеКорпорациясы #АӨК #Қылмыс #Қазақстан