Munarmedia.kz 07.06.2026. ASTANA Түркістан облысында ұзақ жылдық еңбек өтілі бар мұғалім аудандық сот ғимаратында өзіне пышақ жарақатын салып, жұмыстан босатылуына қатысты наразылығын білдірді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға Ордабасы аудандық сотында болған. Өз әрекетіне барған азамат – 24 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар Х. Еримбетов.
Мұғалімнің айтуынша, ол биылғы қаңтар айында қызметінен босатылған. Педагог еңбек құқықтарының бұзылғанын алға тартып, Түркістан облысының еңбек инспекциясы басқармасына шағым түсірген.
Тексеру қорытындысы бойынша еңбек инспекциясы жұмыстан шығару заңсыз болғанын анықтаған. Алайда тиісті нұсқама берілгеніне қарамастан, мұғалім бұрынғы қызметіне қайта алынбаған.
Осыдан кейін педагог өз құқығын қорғау мақсатында Ордабасы аудандық сотына жүгінген.
Белгілі болғандай, 3 маусым күні сот оны сот талаптарына бағынбады деген айыппен бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған.
Оқиғадан кейін мұғалім өзіне пышақпен жарақат салған. Қазіргі уақытта оның денсаулық жағдайы туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сондай-ақ еңбек дауы мен сот процесіне қатысты мәселелер бойынша қосымша тексеру жүргізілуі мүмкін.
#ТүркістанОблысы #Ордабасы #Мұғалім #ЕңбекҚұқығы #Сот #БілімСаласы #Қазақстан #ASTANA #Munarmedia