Түркия мен Қазақстан сауда экономикалық қатынастарын нығайтуда

23

Munarmedia.kz 21.04.2026 /Astana/- Астанада Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша нақты өсім көрсеткіштері қамтылған хаттама мен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Келіссөздерді Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов пен Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз жүргізді. Тараптар алдағы кезеңде өзара тауар айналымын қазіргі 10 млрд доллардан 15 млрд долларға дейін арттыруды мақсат етіп отыр.

Бұл үшін Қазақстан өңделген өнімдер мен шикізаттық емес секторға басымдық бере отырып, экспортты ұлғайтуға арналған 117 тауар позициясының тізімін қалыптастырған.

Кездесу барысында Транскаспий халықаралық көлік бағыты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар кеден рәсімдерін цифрландыру және әкімшілік кедергілерді азайту арқылы транзитті жеделдетуге уағдаласты.

Өз кезегінде Түркия Қазақстандағы қатысуын кеңейтуге ниетті екенін білдірді. Қазіргі таңда елде 3000-нан астам түрік компаниясы жұмыс істейді. Басым бағыттар қатарында агроөңдеу, фармацевтика және жасанды интеллект технологиялары саласындағы бірлескен жобалар бар.

Энергетика саласындағы ынтымақтастық та күн тәртібінен түскен жоқ. ҚазМұнайГаз компаниясы Turkish Petroleum ұйымымен геологиялық барлау және мұнай өндіру жобаларын талқылауда. Сонымен қатар Баку — Тбилиси — Джейхан мұнай құбыры бағытының қазақстандық мұнай экспортындағы рөлі атап өтілді.

Кездесуде Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы өзара іс-қимылға да мән берілді. Қол қойылған хаттама түркі кеңістігіндегі экономикалық байланыстарды сауда, логистика және бірлескен жобалар арқылы нығайтудың практикалық негізі ретінде қарастырылып отыр.

Сапар аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Джевдет Йылмаз-ды қабылдап, екіжақты қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін және тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған-ның алдағы сапары аясында жаңа келісімдерге қол қою және Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысын өткізу жоспарланып отырғаны хабарланды.

Сапар қорытындысында түрік вице-президенті Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Alem.ai алаңын аралап, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жобалармен танысты.

Сарапшылардың пікірінше, бұл келіссөздер екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды кеңейтуге және стратегиялық әріптестікті тереңдетуге бағытталған.

#Munarmedia #Қазақстан #Түркия #Бектенов #Йылмаз #Экономика #Сауда #ХалықаралықҚатынастар