АСТАНА.11.05.2026.Munarmedia.kz — Режеп Тайип Ердоған 13–14 мамыр күндері Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен өтетін келіссөздер Астана қаласында ұйымдастырылады. Кездесу барысында тараптар қазақ-түрік стратегиялық әріптестігін одан әрі дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ.
Ресми кездесулерден кейін шаралар Түркістан қаласында жалғасады. 15 мамырда мұнда Түркі мемлекеттері ұйымы елдері басшыларының бейресми саммиті өтеді.
Саммиттің негізгі тақырыбы ретінде жасанды интеллект пен цифрлық трансформация мәселелері белгіленген. Қатысушы мемлекеттер цифрлық технологияларды дамыту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру және аймақтық технологиялық серіктестікті күшейту бағыттарын қарастыруы күтілуде.
Бұған дейін Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беретінін мәлімдеген болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұл сапар екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге ықпал етуі мүмкін.
#Munarmedia #Астана #Ердоған #Тоқаев #Қазақстан #Түркия #ТүркіМемлекеттеріҰйымы #Саммит #ЖасандыИнтеллект #ЦифрлықТрансформация